Қосымша бөгеттер салынып, көпірлер мен суағарларды жөндеу, тазалау жұмыстары қолға алынған. Өткен жылдың көктемінде осындай шаруалардың уақытылы атқарылмауынан Бесоба ауылында үш адам суға кеткен, деп хабарлайды Қазақстан Ұлттық телеарнасы.
Матақ ауылын жылда көктемде су басып, тұрғындардың берекесін қашыратын. Сол себепті, 2017 жылы республикалық бюджеттен 326 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, ұзындығы 2,5 шақырымдық бөгет салынды. Бөгеттің биіктігі үш метр, ал, ені төрт метрден асады. Бұл даладан келетін қызыл суды ауылға кіргізбейді. Бұған қоса ауыл маңындағы суағарлар, көпірлер тазаланып жатыр. Бұрынғы жіңішке құбырлардың орнына, диаметрі үлкен жуан құбырлар қойылды. Жалпы, аудан бойынша Нұраға барып құятын Көктал, Жарлы, Талды, Матақ, Ынталы өзендерінің бойындағы 13 елді мекеннің барлығында осындай жұмыстар қолға алынған. Бұл - алдымен тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шара. Айталық, былтыр Бесоба ауылына барар бағыттағы суағарлар жіңішке болғандықтан, тасқын жолды бұзып өтті. Сол аумақта УАЗ көлігі суға кетіп, үш адам қаза тапқан болатын.
Талғат Сүлейменов, аудандық ТЖБ басшысы: - Диаметрі 1,5 метр, солардан су өтуге үлгермейтін. Үлкен төртбұрышты су өту көлемі жоғары дюбингтер қою шаралары жүргізіліп жатыр.
Биыл бұл өлкеде қыс жайлы болды. Қар да аса қалың емес. Десе де босаңсуға болмайды. Былтырдан бері аудандағы су басу қауіпі басым елді мекендерді айналдыра барлығы 24 шақырым бөгет салынған. Енді биыл жаз айларында ауылдарға жақын орналасқан өзен арналары тазаланбақ. Мұндай жұмыстар соңғы 50 жыл көлемінде жүргізілмеген.
Халел Мақсұтов, Қарқаралы ауданының әкімі: - Сонымен қатар, біздің ауданымызда 18 көпір, 600-ден астам суағар бар. Бүгінгі күні 18 көпір мен 315 суағарды тазаладық. Енді қалған 310 көпірді 15-наурызға дейін тазалап бітіреміз.
Жалпы, аудан бойынша биыл 7 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, 5 мың қапшық инертті материалдар, құрал-жабдықтар әзірленген. 100-ге жуық техника жасақталған. Аудан көлемінде 13 топ құрылып, тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіруде.
Руслан Нұрланұлы