Әртістер Мейрамбек Беспаевтан шоу-бизнестегі тәртіпті қадағалауды өтінуде. Жиналыстар жиі өткізілсе, жұлдыздар арасында орын алған олқылықтар оңалады дейді олар. Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасында айтылды, деп жазады Stan.kz.
Қазақ эстрадасында ауызбіршіліктің жоғалып бара жатқаны байқалады! Бүгінде әншілер қауымы дәл осылай дабыл қағуда. Ал, жүгенсіз кеткен өнер иелерін тәртіпке салуға кім қауқарлы..?! Шоу-бизнес өкілдерінің басым көпшілігі: «Бұл іске Мейрамбек Бесбаев білек сыбана кіріссе!» – дейді.
“Бір жылдан кейін ол жиналыс басталады. Өйткені көп жерлерде ауызбіршілік кетіп бара жатыр. Үлкендердің жинайтын бір королі керек болып тұр. Мейрамбек ағамыз бар. Оны тыңдаймыз”, – дейді Ринат Баситов.
Баситовтың бұл ұсынысын Қайрат Нұртас та қуана қоштайды. Атағы аспандаса да, хитмен ешқашан өнердегі аға буынның жолын кесіп өтпегенін айтады.
“Мейрамбек ағаларымды, Сәкен ағаларымның ешқашан алдына шықпағанмын. Той болсын, қандай қызықшылық болсын бірінші ән айтып кету, ағаларымның алдына шығу деген болмаған”, – дейді Қайрат Нұртас.
“Мейрамбектің өзіндік орны бар ғой қазақ эстрадасында. Мейрамбекті бәріміз құрметтейміз. Король десе, король ғой… Мен келісемін”, – дейді Нұрлан Еспанов.
Бірақ, Бесбаев отандық эстраданың тағына мініп, патша болуға талпынбайды. Әріптестерін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстау оның жоспарында да жоқ. Мейрамбек үшін ең бастысы сыйластыққа сызат түспесе болғаны…
«Ашса алақанында, жұмса жұдырығында» – деген, ондай қырық өсекті көрген емеспін. Бірақ, мен шама келгенше эстрададағы жасы болсын, үлкені болсын барлығымен тату өмір сүруге тырысамын”, – дейді Бесбаев.