Биыл 41 түлек республикалық және халықаралық байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпазы атанып, 9 алтын, 15 күміс және 22 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы zakon.kz Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев дарынды жастармен кездесіп, аймақтың бүгіні мен ертеңі туралы әңгімелесті және оларға мектепті ойдағыдай аяқтап, жоғары білім алуға, ата-анасының сенімін ақтауға тілектестігін білдірді.
«Елбасы айтқандай, Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді» деп, Сіздердің сапалы білім алуларыңыз үшін бар жағдайды жасауда. Биыл сіздер аянбай еңбектеніп, халықаралық және республикалық байқаулар мен олимпиадаларға қатысушы ретінде 9 алтын, 15 күміс және 22 қола медаль алдыңыздар. Енді ҰБТ ойдағыдай тапсырып, армандаған мамандықтарыңызға қол жеткізулеріңізге тілектеспін», - деді облыс әкімі.
Кездесу барысында аймақ басшысы балалардың сұрақтарына жауап берді, ал оқушылар оларды қолдап, жарғдай жасағаны үшін алғыс білдірді.
Оқудағы табыстары үшін түлектерге «Сыр дарыны» медальдары мен сыйлықтар табысталды.
Атап өтейік, биыл 7113 облыстық мектеп бітірушілерінен 4821 ҰБТ тапсыруға қатысады, оның ішінде 343 «Алтын белгіге», 227 – үздік аттестатқа үміткер.
Анықтама үшін: Қазіргі таңда аймақта үш ауысымды оқыту толықтай жойылды. 5 жыл ішінде (2013-2017 жж.) облыста 45 мектеп салынды, оның ішінде 37 мектеп апатты нысандардың орнына. Болашақта Қызылордада дарынды балаларға арналған 300 орындық физика-математикалық мектеп-интернат салынады.
Өткен оқу жылы бітірушілердің 97 пайызы жоғары және орта арнаулы оқу орнына түсті. 2014 жылдан бастап 452 түлек Ресей Федерациясы Үкіметінің гранттарын жеңіп алып, Санкт-Петербург пен Мәскеу қалаларындағы оқу орындарына оқуға түсті. Биыл студентерінің алғашқы легі туған өлкесіне қайтып келеді, оларды жұмысқа орналастыру мәселесі шешілді.
Одан бөлек, келесі жылдан бастап жыл сайын 20 қызылордалық студент Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасында оқиды.
2013 жылдан бастап 700 жуық түлек облыс әкімінің грантын алды, биыл тағы да 159 грант қарастырылмақ, оның 70 пайызы IT-мамандықтарына бөлінетін болады.