Жайдарлы жаздың алғашқы күнімен қатар келетін 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күні бөрлілік балғындар да кеңінен тойланды.
Ауданның кішкенай тұрғындары үнемі назарда. Олардың алаңсыз оқуы мен тәрбиеленуіне барлық жағдай жасалуда. Соңғы жылдары Ақсай қаласындағы 10-шы шағынауданда 320 орындық балабақша мен Кеңтүбек ауылында 50 орындық бөбекжай пайдалануға беріліп, Аралтал ықшам ауданында 300 орындық мектеп шәкірттеріне есігін айқара ашты.
Ал, Ақсайдың солтүстік бөлігінде 240 орындық балабақша құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Балғындардың басты мерекесі биыл ерекше тойланды. 500 жас өнерпаздар оркестрлерімен ансамбілдерінің шеруіне қатысты. Түрлі додаларда топ жарып жүрген өрендер көпшілікке өнерлерін де паш етті.
Шығармашыл жастарға қолдау көрсетіп, өңірдегі білім беру ұйымдарының жетістіктерін паш еткен шеруге үрмелі аспаптар оркестрлері, ансамбльдер, хор, би ұжымдары қатысты. Шерудің мақсаты – «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын қолдау. Өркендердің Отанға деген патриоттық сезімін оятып, музыкалық қарым-қабілетін көрсету.
Ал аудандық демалу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Сәлем саған, Астана!» атты мерекелік концертте балғын әншілер мен бишілердің өнері көпшілікті тәнті етті. Сондай ақ балақайлар «Көңілді сөре» спорттық жарысына қатысып, аудандық өртке қарсы қызметтің жұмысымен танысты.
Мерекеге орай «Әлем балалар көзімен» атты асфальтқа сурет салу байқауы да оздырылды. Бала қиялы шексіз. Балғындар әуелі күлімдеген күннің суретін салды, содан соң көк байрақ пен бас қаланың белгісіндей болған бәйтеректі бейнеледі.
Қызыққа толы болған жарқын мерекеде «Жас дарын» қоғамдық қорының және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен 86 мүмкіндігі шектеулі балаларға арналып мерекелік дастархан жайылды.
Ертегі кейіпкерлері бүлдіршінді құттықтап, әр балаға шаттық сыйлады.
Айым Нұрғалиева