Қазақстанда 80-нен астам шетелдік телеарналардың тіркеу туралы куәліктері қайтарылып, ел аумағында хабар таратуы тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған шетелдік телеарналардың Қазақстан заңнамасына енген талаптарды орындамауы себеп болып отыр. Тыйым салынған ұйымдар арасында MUSICBOX, Дождь, Fashion TV, Fox News Channel, THT-Comedy сынды танымал ойын-сауық телеарналары бар.
«Қазір Қазақстанда 306 шетелдік теле-радио арна тіркеуде тұр. Олардың қызметін реттеу мақсатында министрлік жыл басында заңнамаға түзетулер енгізді. Оған сәйкес, шетелдік арналар Қазақстан Республикасында өз өкілдігін ашуы міндеттелді. Барлық талаптарды орындау үшін жарты жыл уақыт та берілді. Қазіргі уақытта 219 телеарна тиісті талаптарды орындады. Министрлік қалған 88 арнаның ел аумағында хабар таратуын тоқтатуды қарастыратын бұйрық әзірледі», - деп жазды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Facebook-те.
«Теледидар және радио хабарларын тарату туралы» ҚР Заңына (18-1-бап) ел аумағында хабар таратын барлық шетелдік теле және радиоарналардың өкілдік ашу міндеттемесі 2017 жылы енгізілген.
Аталған Заң 2018 жылдың 9 қаңтарында күшіне енген және шетелдік теле-радиоарналар ҚР аумағында заңды тұлғаны немесе өкілдігін (филиалын) 2018 жылдың 9 шілдесіне дейін тіркеуге міндетті болған. Белгіленген мерзім аяқталған соң министрлік заңды тұлғаны немесе өкілдігін (филиалын) тіркемеген барлық шетелдік теле және радиоарналардың тіркеу куәліктерін қайтару туралы шешім шығарды. Бұл өз кезегінде аталған теле және радиоарналардың ҚР аумағында хабар тарату құқығын жояды.
Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан аумағында хабар таратуын жалғастырғысы келетін шетелдік теле және радиоарналар өз өкілдіктерін ашып, қайтадан тіркеуге тұруы қажет. Қазақстан Республикасы аумағында өз өкілдіктерін ашпаған 88 телеарнаның тізімі министрлік сайтында жарияланған.