Облыста АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) жұқпасына шалдыққандар тізімінде 2568 адам бар. Оның көп бөлігі ер азаматтар, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі. Бұл ақпаратты ЖИТС-пен (жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы) күресу және оның алдын алу орталығы таратты.
Мамандар айтысынша, АИТВ көбінесе жыныстық қатынас арқылы жұғады. Ал өздерінің диагнозын біле тұра, серіктесіне ол туралы айтпайтындардың қатары мол екен.
– Жүктілік есебіне тұрғаннан кейін әйелдерде аталмыш диагноз қойылған жағдайлар болды бізде. Оларға күйеулерінен жұққан, бірақ күйеулері өздерінің науқасы туралы айтпаған. Бірақ мұндай жағдайдан кейін жұбайлар айрылып кеткен жоқ. Балаларын бірге тәрбиелеп, өсіріп жатыр, – деді ЖИТС-пен күрес және оның алдын алу орталығының маманы Наталья Оралбаева.
Негізінде жүкті әйелдер дер кезінде дәрігер қарауында болса, дені сау баланы дүниеге әкеледі. Мәселен, биыл дүниеге келген 25 баланың екеуіне ғана диагноз қойылды.
Мамандардың айтысынша, облыста аталмыш сырқат түрімен күресуге құрал-жабдықтар әбден жеткілікті. Жылына бір адамды емдеуге 750 мың теңгеден артық қаражат керек.
– Бір жылда қажетті препараттарды алуға 900 миллион теңге жұмсалады. Келер жылға 961 миллион теңге қажет деп жоспарлап отырмыз, – деді орталықтың бас дәрігері Марина Жеголко.