Ақтөбелік жігіт тастап кеткен анасын іздеп тапқанына өкініп қалды

Артурдың анасы 16 жасында жүкті болып қалып, баланы перзентханаға қалдырып кеткен

Артур есімді Ақтөбе тұрғыны 1993 жылы перзентханаға қалдырып кеткен биологиялық анасын іздеп тапты. Алайда жігіттің үміті ақталмады.

Артур 16 жасында әпкесімен жанжалдасып қалып, онымен туыс емес екенін біліп қалады. Осы сәттен бастап жас жігіт барлық инстанцияға, БАҚ-қа хабарласып, ақыры туған анасын тауып алған, деп жазды sputniknews.kz, "Диапазон" жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап.

"Мен оның деректерін тауып, "Одноклассниктегі" жеке парақшасына жаздым. Біз қатты ұқсаймыз, бет-әлпетіміз бір. Ол Ақтөбеде тұрады. Алдымен ол сенің анаң емеспін деп жалтарды, сосын мойындады", — дейді жігіт.

"Ол жүкті болып қалғанда 16 жаста болған. Ата-анасына айтуға қорыққан. Биологиялық анамның айтуынша, әпкесі баланы перзентханада қалдырып кет деп кеңес берген. Туған балаңды қалай қалдырып кетуге болады?! Жас әке ретінде осыны түсінбей-ақ қойдым. Осы кезде менің ата-анам бала асырап алғысы келіп жүрген екен", — дейді ақтөбелік.

Артур биологиялық анасынан бөлек оның күйеуімен, бауырларымен, нағашы аға-апаларымен және ата-әжесімен танысқан.

"Оның үлкен отбасы бар, тұрмысқа шығып, үш ұл өсіріп отыр. Туған әкемді төбелес кезінде өлтіріп кеткенін айтты. Алайда қабірін көрсеткен жоқ… Биологиялық анам мені тастап кеткеннен кейін тағы үш ұлды оп-оңай дүниеге әкеле салғанын қабылдау өте ауыр болды. Мен оны түсінуге, ақтауға тырыстым, алайда оның тарапынан ондай ештеңе байқамадым. Біздің қарым-қатынасымызды жақсарту үшін күш салатын шығар деп күттім", — деп қынжылды ол.

Артур анасын тапқан сәттен бастап, көп сынақты басынан өткерген: жұмысын ауыстырып, ажырасып кетіпті.

"Маған өте ауыр тиді. Үш-төрт айдың ішінде жынданып кете жаздадым, тіпті далаға шығуға зауқым болмады. Өзімнен қай жерде қателестім деп сұрай бастадым. Туған анамнан қолдау көрмесем де, ата-анам, ағам мен жеңгем сүйеу болды", — дейді жігіт.

"Ақыр соңында мен мынаны түсіндім: ештеңені өзгертпей, шындық ретінде ғана қабылдайтын нәрселер болады екен. Биологиялық анасын табуды армандайтын балаларға өмірден түңіліп кетпеу үшін олай істемеңдер деп кеңес берер едім", — деп түйіндеді ол.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: