Өскемендік нейрохирургтар миына қан құйылған науқасты аман алып қалды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Шемонаиха ауданының тұрғыны Светлана Ваганова 19 қаңтар күні облыстық инсульт орталығына келіп түскен. Компьютерлік томография қантамырлардың жарылуына байланысты миға қан құйылғанын анықтапты. Жарылған тамырлар тереңде жатқандықтан басүйекті ою қауіпті болған. Сондықтан, дәрігерлер ангиографтың көмегіне жүгінген.
– Отаны басүйекті оймай-ақ жасадық. Соның арқасында науқас қан жоғалтпады. Қазір Светлана Ваганова еркін сөйлеп, күле алады. Өздігінен қозғала алады, – дейді нейрохирург Дмитрий Недбайло.
– Отадан кейін 3 сағаттан соң ес жидым. Шемонаихада қалған туыстарым қатты алаңдапты. Қыздарым қатты қуанып жүр. Бұл күн өмірімдегі ерекше күн болып қалары сөзсіз, – дейді Светлананың өзі.
Орталықтың мамандары бұған дейін де бір «ғажайып» жасаған. Жуықта ғана орнатылған ангиографтың көмегімен орталық мамандары 39 жастағы семейлік жігіттің де өмірін арашалап қалған екен. Вадим Ткаченко есімді науқас Семейден ауыр халде жеткізіліпті. Зерттеу барысында оның ішкі ұйқы қантамыры бітеліп қалғаны анықталады. Осының салдарынан мидың сол жақ жартышарына қан жүрмей қалған.
«Мұның соңы ми инфаргына әкелді. Сондықтан мидың сол жақ жарты шарына ота жасап, сыртқы ұйқы қантамырға торап жалғадық. Сол арқылы мидағы қан айналым қалпына келді, – дейді Дмитрий Недбайло.
Ота сәтті өтіп, науқас келесі күні-ақ жүріп кеткен. Былтыр алынған ангиограф инсульт орталығындағы мамандардың жұмысын әжептәуір жеңілдеткен. Жарты жылдың ішінде 200-ден астам ота жасалыпты.
Айта кетейік бұған дейін мұндай науқастар Астана мен Алматыда емделетін.