Бүгін, 18 сәуір күні Мәжілісте Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ресей Мемлекеттік Думасы Халықаралық істер комитеті төрағасының орынбасары Анатолий Карповпен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы түрлі саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Мәжіліс Төрағасының пікірінше, Ресей – біздің еліміздің маңызды стратегиялық әріптесі және басты одақтасы болып табылады. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің өзара түсіністік пен достыққа негізделген бірлескен жұмысының арқасында көп қырлы ынтымақтастықтың жоғары нәтижелеріне қол жеткізілді. Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарын нығайтуға бағытталған Елбасы курсының үздіксіздігі қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Нұрлан Нығматулин мен Анатолий Карпов екіжақты ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде парламентаралық байланыстарды одан әрі тереңдетуге сенім білдірді.
Өз кезегінде Анатолий Карпов Қазақстанмен оны парламенттік саламен қоса қоғамдық қызмет те байланыстыратынына тоқталды. Атап айтқанда, шахмат саласында. А.Карпов жетекшілік ететін Халықаралық бейбітшілік пен келісім қорлар қауымдастығы бітімгершілік жобаларына белсенді қатысады. Бұл тұрғыда Қазақстанның тәжірибесі де зор қызығушылық тудырып отыр.