Тоқаев кореялық компанияларды Қазақстанда өндіріс орындарын ашуға шақырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-корей дөңгелек үстелінде екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыттарын атады, деп хабарлайды Zakon.kz., сурет - Zakon.kz жаңалық 15.09.2026 14:50 Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-корей дөңгелек үстелінде екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыттарын атады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мённің жаңа өнеркәсіптік стратегиясының, соның ішінде Three Mega Projects және Seven Major SEED Initiative секілді бастамалардың іске асырылу барысын зор қызығушылықпен бақылап отырғанын жеткізді.

Бұдан кейін Президент Қазақстанның экономикалық жаңғыру стратегиясына егжей-тегжейлі тоқталып, қазақ-корей қарым-қатынасын одан әрі ілгерілетуге мүмкіндік беретін басым бағыттарды атады.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық екі елдің экономикалық серіктестігінің берік негізіне айналғанын атап өтті.

"Өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық экономикалық серіктестігіміздің берік негізіне айналды. Бүгінде ортақ портфельде автомобиль құрастыру, машина жасау, металлургия және басқа да салаларды қамтитын 51 бірлескен жоба бар. Олардың жалпы құны 4 миллиард доллардан асады. Кореялық компаниялардың тәжірибесі Қазақстанның бәсекеге қабілетті әрі сенімді өндіріс алаңы екенін анық дәлелдеді. Былтыр елімізде 170 мыңға жуық автомобиль шығарылды. Бұл – ұлттық деңгейдегі рекорд. Оның басым бөлігі Hyundai және Kia компанияларына тиесілі. Елімізде аталған автобрендтердің жеңіл және жүк көліктері, автобустары құрастырылады. Бұдан бөлек, Қазақстанда кореялық тұрмыстық техника өндірісі өркендеп келеді. Қазіргі кезде Samsung тұрмыстық техникалары жергілікті зауыттарда өндіріледі. Осылайша, кореялық компаниялар елімізге көптеп келе бастады. Мақсатымыз – толықтай интеграцияланған, яғни бөлшектердің, озық материалдардың, электр құрал-жабдықтары мен электрониканың жергілікті өндірісін түгел қамтитын, кең ауқымды Еуразия нарығына қызмет көрсете алатын өнеркәсіп экожүйесін құру. Кореялық компанияларды осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстанда өндіріс орындарын ашуға шақырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құрылыс және қалаларды дамыту саласы екіжақты ынтымақтастықтың тағы бір перспективалы бағыты ретінде аталды.

Президент Корея Республикасының құрылыс, инжиниринг және инфрақұрылымды дамыту салаларында әлемдік деңгейдегі тәжірибесі бар екеніне назар аударды. Сондай-ақ кореялық компаниялардың күрделі жобаларды жылдам, сапалы әрі озық технологияларды қолдана отырып жүзеге асыруымен танымал екенін атап өтті.

"Сіздің ел құрылыс, инжиниринг және инфрақұрылымды дамыту салаларында әлемдік деңгейдегі тәжірибеге ие. Кореялық компаниялар күрделі жобаларды тез, сапалы әрі озық технологиялар арқылы іске асыруымен танымал. Қазіргі таңда Қазақстан инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызды кезеңіне қадам басты. Біз көлік, коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымынан бастап тұрғын үй және әлеуметтік нысандарға дейінгі барлық бағытта құрылыс қарқынын жандандыруды жоспарлап отырмыз. Мұны Президент лауазымындағы басым міндеттерімнің бірі деп санаймын. Мақсатымыз – Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдыру. Ауруханалар, балаларды оңалту орталықтары, көпбейінді медицина мекемелері, заманауи мектептер, спорт ғимараттары секілді әлеуметтік нысандар салуға және көлік инфрақұрылымын жетілдіруге ерекше мән береміз. Бұл – кореялық корпорациялар үшін тың мүмкіндік. Олар Қазақстандағы ауқымды жобаларға белсене атсалысады деп ойлаймыз. Үкіметіміз өзара тиімді шарттар негізінде жаңа кәсіпорындар құруға және инвестициялық бастамаларды ілгерілетуге бағытталған осындай ірі жобалардың нақты тізімін жасақтайды", – деді Президент.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: