Халықаралық нарықтағы доллар бағамының әлсіреуіне қатысты отандық экономист Арман Байғанов өз болжамын жариялады. Ол халықаралық нарықта мұнай бағасының әлі де қымбаттайтынын айтып, Instagram парақшасында жазба жариялады деп хабарлайды Zakon.kz.
Сарапшы атап өткендей, кешегі АҚШ Федеральдық резерв жүйесі басшысының мәлімдемесінен соң америкалық валюта басқаларына шаққанда әлдеқайда арзандады. Ал бұл өз кезегінде Федеральдық резерв жүйесі келесі жиында базалық сыйақы мөлшерлемесін төмендететінін де жариялап қалады деп болжам жасауға негіз болуда.
Оған қоса, АҚШ мұнай өндірісін қысқартып жатыр. Бұл мұнайдың бағасының өсіміне әсер ететін жайт. ОПЕК+ елдері өзара келісімді тағы 9 айға шегерді, Ресейде де техногендік себепке байланысты мұнай өндірісі шектелді. Осының бәрі мұнай бағасының өсуіне әкеп соғатыны сөзсіз.
- Осы факторлардың барлығы және Иран төңірегіндегі шиеленіс жақын болашақта мұнайдың бір баррелін 70 долларға көтереді. Бірақ ұлттық валютаны 380 теңгеден әрі төмен деңгейде нығайтуға ешқандай себеп-салдарды көріп тұрғаным жоқ. Керісінше, биыл мемлекет әлеуметтік бағдарламаларға артығымен шығынданып қойды. Міне, осы жайттарды ескере отырып, алдағы екі апта ішінде 1 доллардың құны бізде 382-386 теңге аралағында болады деп болжам жасауға болады, – деп жазды Арман Байғанов.