Шымкенттік журналист Зәуре Мирзаходжаева бұрынғы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахимов пен оның орынбасары Данат Жумин екеуінің ымдаса-жымдаса атқарған бір тірліктерін әлеуметтік желіге жариялап жіберді. Оған экс-әкім жауап қатып үлгерді, деп хабарлайды Zakon.kz Bnews.kz-ге сілтеме жасап.
Жергілікті журналист экс-әкімді қала бюджетінен жарнамаға дегенді желеу етіп, орынбасарының ЖШС - "АПЕКС-Консалтқа" миллиондар аударған деп айыптады.
- Қараңыздаршы, тек 2017 жылы "Жуминнің" ЖШС Шымкент қаласының әкімдігінен 97 миллион теңгеге мемлекеттік тапсырыс алды. Бұл - шамамен 300 мың доллар! Онда да бұл тек Шымкент әкімдігінің ішкі саясат басқармасы бағыты бойынша ғана. 2018 жылы бұл сома аздау болып қалыпты, бар болғаны - 56 мың доллар, бірақ 2016 жыл - ЖШС үшін майшелпекке кеңелген кезең. Ол туралы басқа жолы сөз қозғармыз, әзірге 2017 жылдың тендерінің жайын талқылап алайық. Бір қызығы, 2017 жылы тендерге қойылған 10 лоттың 7-і "Жумин" компаниясына ешқандай бәсекелессіз негізде берілген", - деп жазды Зәуре Мирзаходжаева.
Журналистті мемлекет ақшасының зың секілді халықтың миын ашытып, көзін байлайтын жеңіл-желпі дүниелерге жұмсалғаны қынжылтқан.
Осыған қатысты Ғабидолла Әбдірахимовтың өзі Bnews.kz-ке қысқаша сұқбат берген.
- Иә, мен әкім болдым. Әкімдік жанында бөлімдер бар, конкурстық комиссия деген бар, солар конкурсты өткізетін. Енді ойлаңызшы, мен сол конкурстардың барлығын бақылап отыруым керек пе сонда? Егер алды ма, демек, алды. Егер қандай да бір проблемалар болса, онда құқық қорғау органдарына шағымдансын, солар айналыссын бұл іспен. Ол жағына менің наразылығым жоқ. Егер біреу заң бұзған болса, онда кез-келген құқық бұзушылыққа белгілі бір жаза қарастырылған. Мыңдаған бәйге, конкурс өткізіліп жатады, соның бәрін мен қадағалап отыра алмаймын ғой, - деді экс-әкім.
Сондай-ақ, ол өзінің бұрынғы орынбасары Данат Жуминді ұзақ уақыт көрмесе де, өздерінің қарым-қатынастары бұрынғыдай дұрыс екенін айтты.
Айта кетсек, бір айға жуық уақыт бұрын Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахимов қызметінен алынған. Оған оның әлеуметтік желідегі "белсендігі" кері әсер еткен. Лондонға жұмыс сапарымен барған ол әлеуметтік желі арқылы Отанына сәлем жолдаған. Ол "Қазақстанда жұмыс істеп, шетелде қыдыру керек осылай" деген еді. Оны желідегілер "Қазақстаннан ақша ұрлап, шетелге апару керек осылай" деп мағынасын майыстырып, әбден өзін сынаған. Бұл уақытта Арыста қойма жарылып, бүтін қала бүлініп, ел мең-зең кез еді. Сондықтан басшылық әкімнің бұл қылығын мемлекеттік қызметкердің этикасына сай емес деп тапқан.
Оқи отырыңыз: Ғабидолла кім: желіде біреу оны мақтап, біреу даттап жатыр