Ағымдағы жылдың 1 қазанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы Мирлан Мұхамбетов Ақтөбе облысы бойынша жергілікті полиция қызметінің жеке құрамымен кездесу өткізді.
Кездесудің өткізілуіне негіз болған – бұған дейін орын алған патрульдік полиция батальонының қызметкеріне қатысты "пара алу" түріндегі сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқықбұзушылығы болып табылады.
Шара барысында Жергілікті полиция қызметінің басшылығына Департамент өкілдерімен ҚР ҚПК 200-бабы аясында қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнiндегi ұсыным енгізілді. Сонмен қатар, өңірдегі тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою бойынша "Ақтөбе – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің бүгінгі жетістіктері жөнінде баяндама жасалды. Шара соңында, Департамент басшысы Мирлан Мұхамбетов қоғамға қауіпті мас күйінде көлікті басқарған жүргізушіні тоқтатып, әкімшілік жауапкершілікке тартқан, кейін жүргізуші ұсынған сыйақыдан бас тартып, тиісті органдарға хабарлаған полиция аға сержанты Асет Зайнуллинге алғыс хатын табыстады. Аталған рәсім өзінің парасаттылығы мен қызметке адалдығын көрсеткен полиция қызметкерлерінің барша әріптестері мен басшылығының назарында өткізілді.
Алғыс хатта "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы үлгі тұтарлық мінез-құлық стандартын көрсетіп, өрескел заңбұзушылықтың алдын алғаны үшін алғыс жарияланады!" - деп көрсетілген.