Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) Қазақстанның барлық өңірлерінде тұрғындарға қолжетімді зейнетақы қызметтерін көрсетеді. 2019 жылдың 9 айы ішінде шамамен 12 млн қызмет көрсетілген.
Оның 80 пайыздан астамы қашықтан – enpf.kz сайты, ұялы қосымша, БЖЗҚ өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары және egov электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырылды. Алайда көп адам әлі де болса Қор мамандарына жүгінгенді жөн көреді.
Биылғы жылдың қаңтарынан қазан айына дейін Қор кеңселері мен көшпелі қызмет көрсету шаралары барысында шамамен 2,3 млн операция орындалды. Қор кеңселерінде күн сайын орта есеппен 13 мың қызмет көрсетіледі. Тұрғындар кеңселерге әдетте жеке деректемелерін өзгертіп, зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу үшін келеді. Жыл басынан бері осы мәселе бойынша 570 мыңнан астам өтініш тіркелген. Олардың 85 пайызы Қор кеңселерінде жүзеге асырылды. Сонымен қатар салымшылар зейнетақы шоты бойынша ақпарат алу тәсілін интернет-байланысы тәсіліне ауыстыру үшін өтініш жасайды. Соңғы 9 ай ішінде осы мәселе бойынша шамамен 350,5 мың адам өтініш берсе, 86 пайызы бұл үшін Қор кеңселеріне келген.
Азаматтарды мазалайтын тағы бір мәселе БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу.
Еске сала кетелік, 2018 жылдың қазан айында Композиттік қызмет іске қосылған болатын. Соған сәйкес зейнет жасына толған азаматтар мемлекеттік зейнетақылар мен Қордағы жинақтары есебінен берілетін төлемдерді "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімдейді. Алайда БЖЗҚ-дан берілетін басқа төлем түрлері бойынша Қорға 71 мыңнан астам адам жүгінген. Бұл ретте алушылардың 99 пайызы тікелей Қор кеңсесіне келіп, өтініш жасағанды қалайды.
БЖЗҚ-ның барлық кеңселері мен қызметкерлеріне түсетін жүктемеге тұрақты түрде талдау жасалынады. Қордың көрсететін қызметтерін автоматтандыру, электрондық қызметтердің үлесін көбейту, операциялық бөлімшелерді оңтайландыру, еңбек өнімділігін жетілдіру арқылы қызметтерді дамыту, шығындарды оңтайландыру және Қор қызметінің тиімділігін арттыру жұмыстары одан әрі жалғасып жатыр.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда "ГНПФ" ЖЗҚ" АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің "Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті" ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді.