ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталықта "Жас Сарбаз" балалар студиясының шәкірттерін "Жас Сарбаз" жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің қатарына ресми түрде қабылдау рәсімі өтті. Бұл туралы Zakon.kz қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шара аясында "Жас Сарбаз" балалар студиясының 130 тәрбиеленушісі салтанатты түрде ант қабылдады. Олар көпшілік алдында Қазақстан Республикасының Ата заңы мен басқа да заңдарын қатаң сақтауға, патриоттық рухты биік қойып, Отанды қорғауға, оның мүдделерінің ержүрек әрі батыл қорғаушысы болуға уәде берді.
Шәкірттерге Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Қадыржанұлы Таласов "Жас Сарбаз" ұйымының тәрбиеленушісі екендігін растайтын куәлікті табыс етті.
- Сіздерді бүгінгі "Жас сарбаз" қатарына қосылуымен құттықтаймын! Сіздерге денсаулық және оқуда табыс тілеймін! Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының лайықты азаматтары және патриоттары болыңыздар! Елбасы айтқандай "Өз Отанынды ыстық сүйіп, қадір-қасиетін ешқашан түсірме, Қазақстанды өз жүрегінде мақтанышпен алып жүріңдер! – деп Мұхамеджан Қадыржанұлы шәкірттерді құттықтады.
Бүгінгі күні елімізде 6 198 әскери-патриоттық бағыттағы осындай сыныптар мен клубтар жұмыс істеуде. Оған 179 224 тәрбиеленуші мүше.
Ант қабылдау рәсімі жастарды әскери-патриоттық тәрбие беруде жан-жақты дамытуға, жобаларды іске асыруға, әскери-патриоттық іс-шараларға қатысуға бағытталған ынтымақтастықты орнатуға арналады.
Іс-шараның мақсаты өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру, оларға Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ояту.
Шараны "Жас Сарбаз" балалар студиясының тәрбиеленушілері дайындаған концерттік бағдарлама қыздыра түсті.