Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ШҚО әкімі Даниал Ахметов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ел үкіметі Семей қаласын дамытуға үлкен қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Естеріңізге сала кетейік, қазан айында Премьер министр қала халқымен кездесу өткізіп, Семейдің 2020-2025 жылдарға арналған кешенді даму бағдарламасының таныстырылымына қатысқан болатын. Жоспарға сәйкес жеті бағыт бойынша 56 жоба жүзеге асырылады. Оған 250 млрд. теңге қарастырылған.
Айта кетейік, соңғы үш жылдың ішінде қаланы абаттандыру жұмыстарына, сондай-ақ жолдарды жөндеуге 13,5 млрд.теңге жұмсалды. Ал мектептерді жөндеу жұмыстарына 1,5 млрд.теңге бөлінді. Ұшақтар кентінде 1200 орындық, Бобровкада 600 орындық мектеп қолданысқа берілді. Қарағайлы жаңа ықшам ауданында 20 көпқабатты тұрғын үй салынды. Қазіргі күні жеке тұрғын үй құрылыстарын жүргізу үшін алаңдардағы инфрақұрылым жақсартылуда. Автобус паркінің 80% жаңартылды. Жергілікті өндіруші компания "Daewoo Bus Kazakhstan” ЖШС-нің 267 автобусы қала ішіндегі маршруттарда қызмет көрсетуде. Әуежайда қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілді. Халықаралық деңгейдегі "Абай-Арена" көп функциялы спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.
Кешенді жоспар аясында Семейде төрт мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 133 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа беріледі. Әлеуметтік саланы дамыту мақсатында 47 млрд.теңге бөлініп, 4 мектеп, 4 балабақша, мұз айдыны модулі, балалар ауруханасы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы бой көтереді. Сондай-ақ мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында бюджеттен тыс 76 млрд.теңге тарту қарастырылған.
- Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5 жылдың ішінде 1,6 есеге артады. Ауыл шаруашылығы өнімі 1,2 есеге, бөлшек сауда тауар айналымы 2 есеге артады. Сонымен қатар 1-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен 100 пайыз қамтылады, - деді Даниал Ахметов.