Әлеуметтік желіде Алматы қаласы Алатау ауданының экс-әкімін ұстау кезіндегі видео жарияланды, деп хабарлайды zakon.kz.
Алдында Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі жемқорлық деген күдігімен Алматы қаласы Алатау ауданының әкімін, оның орынбасарын, сондай-ақ осы аудан әкімдігі аппаратының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысын ұстағаны хабарланған болатын.
Олар 2019 жылы "Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі" мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген ауқымды бюджеттік қаражатты жымқырды деген күдікке ілініп отыр.
Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары мердігер ұйымның өкіліне "жасалмаған жұмысты жасалды" деп жалған акті толтырғаны және жалпылай қолдау көрсеткені үшін 500 мың теңге көлемінде параны банк картасына аудартып алу фактісі бойынша да тергеу жүргізіліп жатыр.
Аудан әкімі мен оның орынбасары ұсталып, Алматы қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Кінәсін мойындағанына және тергеу кезінде өздігінен келіп, көріну туралы қорғаушысының берген қолхатына байланысты әкімдіктің мәдениет бөлімінің басшысына ұстау шарасы қолданылмады.
Күдіктілердің кінәсінің деңгейі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады.
2017 жылдың 10 шілдесінен бастап осы күнге дейін Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі қызметін Шахмерден Рыспаев атқарып келді. Күні кеше оның орнын Президенттік резервтегі жас алмастырды.