Ұрпақ жалғастығы табиғи үрдіс. Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан осынау ұрпақ жалғастығы түрлі тарихи кезеңдердің табалдырығына аяқ тіреп, өз дәуірін жасап кетті және жасап жатыр.
ХХІ жаһандану дәуіріндегі жастардың көзқарастары мен идеялары, ұстанымдары мен алғышарттары мүлдем өзгеше. Әсіресе тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келген жас буын түрлі құндылықтарды бойына жинаған. Дереккөздегі ақпарға сүйенсек, 2018 жылы елдегі жастардың жалпы саны (14 пен 29 жас) 3 900 834 адамды немесе 21,5 % құраған. Әлбетте Қазақстан халқының үштен бірін құрайтын жастар ел дамуының негізі, болашақ адам капиталы саналады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған еді. 2019 жылы ел бойынша жастардың барлық санатын қолдауға қатысты жаңа бағдарламалар жасақталып, оларды қолдауға қатысты іс-шаралар жүзеге асырылды. Бұл мақсаттарды бір жыл ауқымында жүзеге асыру мүмкін емес, десе де негізігі Жастар жылында қаланған ауқымды міндеттер мен жоспарлар болашақта қайта жаңғырып, жаңарып, жалғасын табады. Осы себепті Елбасы өз сөзінде "Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек", - деп тапсырма берді.
Қазіргі жастарға қойылар талаптар да тым әлеуетті. Әсіресе, тек ұлттық санамен ғана емес, жаһандық санамен де ой қорытып, алға жылжитын бұл заманда бәсекеге қабілет қасиеті жастардан кез келген салада талап етіледі. Қазір білім алудың өзі оқу орындарындағы дәрістерге қатысып, дәріс жазып, баға алумен шектелмейді, бәсекеге қабілетті маман болу үшін қосымша іздену, жаңа технологияларды меңгеру, іс-тәжірибеден өту күн тәртібінде тұр. Оны қазіргі нарыққа етене араласқан жастар жақсы біледі. Н.Назарбаев өзінің 2017 жылы жарияланған "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында "Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында", - деп нақты айтты. Қазір Қазақстанның білім беру жүйесінде компьютерлік сауаттылыққа баулу басым назарда, ал шет тілдерін меңгеру бойынша оқу орындарынан бөлек, арнайы тіл курстары жетерлік. Ал мәдени ашықтық мәселесінде жастарға тосқауыл жоқ. Батыс елдері, Қиыр Шығыс, Америка т.б елдердің мәдениетін игеру, өнерін бағамдау, сол елдерге барып білімін жетілдіру үшін қашан да жас буынған жол ашық. Айталық, ҚР Президентінің білім беру саласын жетілдіру мақсатында 1993 жылы Халықаралық "Болашақ" стипендиясы тағайындалды. Аталған бағдарлама аясында Қазақстан жастарының басым көбі шет елдердегі ең жетекші университеттерде білім алып, өз елінің белгілі бір салада дамуына ат салысып келеді. Бұдан бөлек ЖОО-да оқитын студенттерге семестр арасында шет мемлекеттерге ауысып, олардың тәжірибесін көруге, ал жазғы демалыс уақытында "Work and travel" бағдарламасы бойынша өзі қалаған мемлекетте жұмыс істеп, ақша табуға да жағдай жасалған. Мұндай бағыттағы бағдарламалар жетерлік. Бәсекеге қабілетті нықтауда шет мемлекеттерге бару, тіл танымын жаттықтыру елде табысты еңбекпен қамтылуға бірден-бір серпін бола алады. Себебі қазіргі Қазақстан еңбек нарығы шет тілдерін білетін, іс-тәжірибесі бар жас мамандарға мұқтаж. Әрі заман да соны талап етіп отыр. Бұрынғыдай қағазбастылық пен бір мекемеде ұзақ жылдар қызмет етудің күні келмеске кетіп барады. Қазір бір мамандықтың өзі аздық етіп отырған тұста жастар бұл трендтерден қалыспай келеді. Елбасы өз мақаласында "Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді", - деуі де бұл үрдістің тамырын дөп басқандай.
Иә білім мен тіл меңгеру, ғылымға бас қою, өнер мен мәдениетті игеру, шет мемлекеттерде іс-тәжірибе жинақтап көру деп жастарға қазір керек танымдар мен қабілеттерді тоқтатпай тізе беруге болады. Оны өздері де жақсы біледі. Бірақ бұл тұрғыда мемлекет тарапынан және отбасы тарапынан жасалатын қолдау басымдыққа ие. Себебі рухани бүтін жас қана батыл шешімдер қабылдай алады ғой. Бұл мәселеде қолдау өте маңызды. Бүгінгі таңда ел жастарының мәселесі толық шешіліп кетті деп айта алмаймыз. Жастар жылы мәресіне жетіп, қорытынды шығарылып жатқанда да біраз сынға ілікті. Көп жастардың баспанасыз, әлеуметтік көмексіз жүргені, тиісті жұмыс орындармен қамтылмағаны, дипломдарының еңбек нарығында жарамсыздығы т.б мәселелер бой көтерді. Әсіресе еңбек нарығында бірден оқу бітірген жас маманға жұмыс орын сақадай сай тұрмайды, жұмысқа тұра қояйын десе, бірінші еңбек өтілін талап ететін мекемелер де шаш етектен. Осылайша бірнеше жыл оқыған білімі зая кетіп, басқа жеңіл-желпі салаларға мойын бұрып кететін жастарымызға кім өкпе арта алады? Осындай кедергілерді жою мақсатында мемлекет әлі де кешенді шараларды қабылдауды жалғастырып келеді. Қазақта "Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу" деген атадан қалған даналық бар. Жастарға қолдау білдіріп, олардың көп салада белсенді болуына ықпал етіп, үнін тыңдауда "Жас Отан" жастар қанаты біраз жылдар қатарынан еңбектеніп келеді. Сондай-ақ бұл қатарға 2013 жылы құрылған "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығын, "Қазақстан жастары" қоғамдық ұйымын, "Қазақстан студенттері альянсын", "Жасыл ел" еңбек жасақ ұйымын, "Жастар мәслихаты" қоғамдық қорларын жатқызамыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялап, волонтер жастарға деген қолдауын білдірді. Волонтер жылы басталысымен "Birgemiz" атты республикалық Волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсімі өтіп, республика бойынша волонтерлік іс-шараларға белсене араласуға бел шеше кіріскен жас буынды қолдау жұмыстары әлі де мемлекет деңгейінде жүргізіле береді. Жастар жылының соңы волонтерлер жылымен жалғасуы өте сәтті бастама деп білеміз. Мемлекет басшысы өз сөзінде "Баршамыз аяқ басқан жаңа ғасырда біздің алдымызда терең ойлы, еңбекқор, сындарлы, төзімді, ұтқыр және жаңашылдыққа ұмтылған ұлттың жаңа бейнесін, демек, бәсекеге қабілетті ұлт иесін қалыптастыру міндеті тұр", - деп қадап айтып, қазіргі жастардың бойына кәсіпкерлік бастамаларды іске асыра білу қабілетін тәрбиелеу қажеттігін басым айтқан еді. "Қазақстандық жастар өз болашақтарына сеніммен қарауы тиіс, олар үшін Қазақстан мемлекеттік басқарудан бастап ғылым мен шығармашылыққа дейін сан алуан салаларда табысқа жетуге мол мүмкіндіктер беретін ел болуы тиіс", - деді мемлекет басшысы.
Қазір шет мемлекеттерден Қазақстанға келіп білім алатын жастар да баршылық. Бұл мақсатта отандық ЖОО әсіресе Ауғанстан жастарының білім алуына мүмкіндік беріп отыр. Барша әлем жастары біз өмір сүріп отырған Жер-жаһанның келешегіне жауапты болғандықтан, жастарды бөле-жармай оларға демеу білдіру қым-қиғаш заманда керек-ақ. Ал өз еліміздің егемендігі, мәдениеті мен руханияты, тілінің кемелденіп, дамуына жастар бәрінен бұрын бірден-бір ықпал ететін фактор. Қазақ жастарының алды әлемді бағындырып, өнер, ғылым, саясат т.б салаларда бой көрсетіп жүр. Елжанды жастардың көбейіп, ел ертеңі мен тұрақтылығы үшін еңбек етіп жүрген жас өрендерге жарқын келешегі сәт сайын жақындап келе жатқандай.