Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында жалпы қолданыстағы 1312 үйдің 1253 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, оның ішінде 912 үй ыстық су жүйесімен қамтылған. Алайда 341 үйде ыстық су алуға техникалық тұрғыдан мүмкіндіктері қарастырылмаған көрінеді, деп хабарлайды zakon.kz.
Жалпы қала тұрғындары жаз айларында ыстық сусыз отыратыны ешкімге жаңалық емес. Оның себебі мен салдарын түрлі әкімдер түрлі уәде беріп шешпей кететін. Бұл мәселенің шарықтау шегі былтыр болды - қаланың барлық көшелерін қазып, құбырлан алты айы бойы ауыстырмай елдің мазасын қашырған еді.
"Таразэнергоорталық" АҚ Тараз қаласына басты жылу мен ыстық судың жеткізуші, бұл ұйым облыс орталығындағы көп қабатты тұрғын үйлердің 70 пайызын жылумен қамтамасыз етеді. Осы басқарманың басшысы Бақберген Мәуленов қазіргі таңда қандай жұмыстар істелініп жатқаны туралы айтып берді.
"Басты мәселе - биыл қаламызда жылыту маусымы әдеттегідей қазан айының ортасында басталады. Бүгінгі таңда жылы маусым кезде кезекті жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қыстың күні тұрғындар үйлерінде тоңып отырғаннан гөрі жазда дайындық жүргізгеніміз дұрыс деп есептеймін. Ал өзіміздің тарапымыздан мекеменің есебінен ҰОС ардагерлері мен мүгедек балалары бар тұрғындарға жылу беруді тегін ету мәселесін шештік. Осындай топта 453 абонент бар. Айына мекеме бес миллионға жуық қаражатты өз мойнына алып отыр", - дейді Бақберген Мәуленов.
Айта кетейік, биыл мамырда Жамбыл облысында "Біз біргеміз" Республикалық акциясы аясында "Таразэнергоорталық" акционерлік қоғамының ұжымы Тараз қаласындағы жалғыз басты қариялар мен көп балалы және аз қамтылған отбасыларына, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созды. Шара барысында 350 отбасына күнделікті тұрмыстық заттар мен азық-түлік салынған қораптар таратқан еді.