Тұрғын үй сертификатын алушылар санаттарының тізбесін кеңейту туралы құжаттың жобасы мәслихаттың келесі сессиясына жіберіледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды zakon.kz.
"Елордада тұрғын үй сертификатын алатын адамдардың санатын кеңейтеміз. Бұрын тізімде толық емес; көпбалалы; мүгедек бала бағып отырған отбасылар болса, қазір тізімге халықтың әлеуметтік аз қамтылған санаттарының бәрін қосамыз. Оның ішінде жетім балалар да қамтылады" делінген жазбада.
Пәтер алу жолдарын қарастыруды өтінген асыраушысы жоқ балалармен бірнеше рет кездестім деген әкім енді санатты кеңейту құжатының жоспарын мәслихаттың алдағы сессиясына қарауға бергелі жатқандарын айтады.
"Құқықтық-нормативтік процедуралар аяқталған соң, сертфикат алушылар санатының жаңа тізімін бекітеміз. Тұрғын үй сертфикатының мөлшері – 1 млн теңге. Оларды "Шаңырақ" (5-10-20) жобасына қолдануға да болады. Осылайша, ертеректе бекітілген тізімге енді: жетім балалар; I және II топ мүгедектері; зейнеткерлер; ҰОС ардагерлері және соларға теңестірілгендер; мемлекеттік, қоғамдық немесе әскери тапсырма орындау кезінде қаза болғандардың отбасылары қосылады. Сонымен бірге экологиялық апат кезінде, табиғи немесе техногендік ТЖ кезінде баспанасынан айырылғандар; бөтен елдердің аумағында ұрысқа қатысқандар; "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегері немесе ертеде "Батыр ана" атағын алған көпбалалы аналар; I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталғандар; көпбалалы отбасылар және т.б. кіреді", деп жазады Көлгінов.
Елорда әкімі Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша биыл қолжетімді баспана құрылысын үш есеге ұлғайтылғанын да алға тартады.
"Бұған қоса, Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірлесіп, әлеуметтік пәтер алатындардың санатын да кеңейттік. Биыл 1 мың пәтерді дәрігерлер мен мұғалімдерден басқа - әлеуметтік қызметкерлер, полиция, мәдениет және спорт қайраткерлері де ала алады", - деп жазды әкім.