Еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілінің жанашырларының бір топ өкілінен осыдан екі жыл бұрын құрылған Түркістан облысы жайлы пікірін білген едік.
Түркістанға тағы да барар едім – Оксана Лоскутова
"Астана" арнасында жаңалықтар жүргізіп танымал болған диктор Оксана Лоскутова осы күні "City Transport Systems" компаниясының баспасөз хатшысы болып қызмет атқарады.
Уақыт – ол зымырап өтеді. Тарих үшін адам өмірі тез өткенші екені жасырын емес. Дегенмен тарих кірпіш секілді түрлі оқиғалардан құралады. Екі жыл бұрын қазақ елі үшін, жалпы Түркі әлемі үшін үлкен тарихи оқиға болды. Екі жыл бұрын Түркістан облысы құрылды. "Түркістан" деп аты айтып тұрғандай, түркілердің жері, отаны өзіне лайықты деңгейге жете білгені Қазақстан халқы үлкен абырой, мақтаныш. Өйткені көне тарихи мекеннің тарихы дара тұлғаның тарихы секілді жалғасуы керек. Түркістан туралы ауыз толтырып айтуға болады. Аумағы кең болғаны сонша, Каспий теңізінен Қытайға жеткен екен немесе Түркістанды әйгілі Жібек жолы кесіп өткен, тағысын тағы осылай шексіз жалғастыра беруге болады. Тарихы 9 ғасырдан басталды деген рас болса, бәлкім одан да ерте, осы аралықта көп ой, толғау, әңгіме жиналды ғой, – дейді Оксана Лоскутова.
Танымал журналист осы жылы бұл өңірге барғанын және жақсы әсер алып қайтқанын айтты.
– Биылғы көктемде коронавирус індеті өршімей тұрып, Түркістан қаласына жол түсті. Сондағы түйгеніміз бір-ақ қала түгел облыстың, тіпті елдің экономикасын көтеруге шамасы жетеді. Көптеген қонақ-үйлер салынып, жолдар жөнделіп, керемет бақтары көргенде қуандым, рас. Қожа Ахмет Ясауй кесенесін, оның ішіндегі Абылайханның дәлізін өз көзіммен көріп, ел билеген хан, би мен батырлардың атын оқығанда ерекше толқыдым. Біз өз туған жерімізді білмейді екенбіз ғой деп. Шет елдерін көруге асықпыз. Мәселен, Үндістандағы Тәж-Махал. Не дейміз, жарнама өте қатты жасалады?! Әлеуметтік желілер сол жергеді көз жауын алатын сұлулыққа толы. Әрине, керемет жер. Бірақ екі жерді салыстыра келе, Түркістанға тағы да барар едім. Өйткені, сенімдімін мұндай қарқынмен біздің Түркістан басқа тарихи еш кем болмайды жерлерден. Оның үстіне жергілікті халық еңбекқор, қайсар. Бұл ешкімге де жаңалық емес. Мақтаралдағы су тасқыны, Арыстағы әскери қоймадағы жарылыс халықтың қабырғасын қайыстырғанымен, кеудесін ешкімге бастырмайтын халық оны да еңсерді. Сол себепті алдағы жылдары бұл облыс тек көркейе түседі, халық арасында "ішкі туризм" деген ұғым қалыптасады деп кәміл сенемін. Солай болғай!, – дейді ол.
Максим Споткай: Түркістанның жаңа дәуірі басталды
Сенат аппараты басшысының орынбасары, президент жанындағы жастар кадрлық резервінің жеңімпазы Максим Споткай да Түркістан жайлы ойымен бөлісті.
Түркістан облысының құрылуы – пргаматикалық тұрғыдан қарасаңыз да өте маңызды. Бұл тек Түркістан қаласы үшін ғана емес, бүкіл Қазақтан үшін экономикалық, әлеуметтік маңызы бар шешім. Аз уақыттың ішінде облыстың даму жоспары бекітілді. Көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Қаншама ғимараттардың құрылысы басталып кетті. Олардың арасында әлеуметтік нысандар да бар. Әрине, Түркістан түркі әлемінің алтын бесігі дейміз. Біздің еліміздің қасиетті мекендерінің бірі. Ал қазір Түркістанның жаңа дәуірі басталды. Енді алдағы уақытта оңтүстік өңірдің әлеуметтік, экономикалық маңызды орталығына айналары сөзсіз. Сол үшін нақты мысалдар да жетерлік, – дейді Максим Споткай.
Оның айтуынша, геосаяси және саяси тұрғыдан да Түркістан облысының құрылуы дұрыс болды.
– Бұл шешімді пандемия кезінде де дұрыс қарастыру керек. Жоғары да айтқанымдай, Түркістанда карантин кезінде де құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ. Оның жемісін алдағы 10 жылда көретін боламыз. Nur Otan партиясында еңбек еткен кезде жанашыр қыз-жігіттермен бірге Арыстағы жарылысқа бірге бардық. Қолымыздан келгенше көмекті ұйымдастырдық. Өздеріңіз білесіздер, жарылыс болған күні мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев Арысқа ұшып келіп, апатты жағдайды тез арада жоюды жолға қойды. Осы күні Арыстағы жағдайдың түзеліп қалғанын көріп, қуанып отырамыз. Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккендерге де мемлекет те, халық та көмектерін аяған жоқ деп білемін. Қалталы азаматтар да өз үлестерін қосып жатты.Эвакуацияланған 5 202 отбасының жеке шотына 1000 доллардан түсті. Сосын мемлекетіміз әрбір отбасыға 100 мың теңгеден берілді. Қазіргі кезде 360 пәтердің құрылысы аяқталған. Салынып жатқан үйлер қазан айында толық аяқталады деп күтілуде. Еліміз аман болып жатса, біз жеңбейтін қамал болмайды, – Сенат аппараты басшысының орынбасары.
Рухани жаңғыру идеясының шын мазмұны да енді ашылған секілді – Шерзод Пулатов
ҚХА төрағасының орынбасары Шерзод Пулатовтың да айтары бар. Ол Түркістан облысының құрылуы – "Рухани жаңғыру" бағдарламасының жемісі деп отыр.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының Түркістанды облыс орталығына айналдыруы бұл – тарихи шешім және Қазақстан халқы үшін өте үлкен мәртебелі іс болды деп ойлаймын.Оңтүстік Қазақстан облысы халқының саны жағынан да, экономикалық жағдайы мен халқының менталитеті жағынан да Қазақстанның басқа облыстарынан ерекшеленіп тұратын өзгеше тарихи аймақ екені бәрімізге белгілі. Осындай өңірдің орталығын Түркістанға алмастыру идеясы тектен тек туындамаса керек. Рухани жаңғыру идеясының шын мазмұны да енді ашылған секілді. Облысты екіге бөле отырып, Шымкент қаласына республикалық мәртебе берілуі, Түркістан облысының құрылуы – құрылымдық өзгерістер жасауға қауқарлы мемлекеттің ғана қолынан келетін іс. Бұл – еліміздің экономикалық жағдайының жоғары екендігінің айқын дәлелі. Осының әсерінен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы оңалып, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың табысы арта түседі. Әдетте халық ірі қалалардың маңайына шоғырланып, демографиялық ахуал да жақсара түседі. Бұл Түркістан облысына шетелдегі қандастарымыз да көптеп көшіп келе бастауы мүмкін деп айтуға болады, – дейді Шерзод Пултаов.
Оның айтуынша, енді Түркістанға инвестиция ағылады, инвесторлар, туристер, шетелдік компаниялар көптеп келіп, өңір халқының әл-ауқаты жақсара түседі. Ең бастысы, халықтың саны өседі. Сондықтан Елбасы шешімінің саяси, тарихи маңызы жоғары.
Түркістан – еліміздегі ең көне қалалардың бірі. Біз Түркістанды айтқан кезде, түркі әлеміндегі рухани орталықты көзге елестетеміз.Түркістан тәуелсіздікке дейін де біздің рухани астанамыз – түркі әлемінің талбесігі, тірегі болып келді.Ендігі жерде оның рухани, экономикалық әлеуетін одан әрі дамыту үшін өз алдына облыс орталығы етіп құрылғанын өте батыл әрі маңызды қадам деп қабылдасақ болады. Түркістан – түркі жұртының орталығы. Бүкіл тарихи тұлғаларымыздың, қазақ көшін алға сүйреген ұлыларымыздың сүйегі сонда жатыр. Енді, міне, арнайы Президентіміз "Түркістан облысы құрылсын" деп және Оңтүстік Қазақстан емес, "Түркістан облысы аталсын" деп жарлықпен бекітіліп, айрықша мәртебеге ие болып отыр. Ондағы мәдени ошақтар, аудандық көлемдегі көптеген кеңселер ендігі жерде облыстық деңгейге көтеріледі. Миллионнан артық тұрғыны бар шырайлы шаһар алып мегаполиске айналады. Көне Түркістан шаһарының маңайында әсем мешіттер мен кесенелер, тарихи жәдігерлер мен мұражайлар – халқымыздың рухани мұрасының сарқылмас қазынасы. Осынау рухани қазынамызды сақтап, ұрпаққа жеткізуді көздейтін мемлекеттік деңгейдегі бұл бастаманы қолдаймын.Себебі аймақтың ерекшеліктері мен туристік әлеуетін пайдалана отырып, болашақта түрлі бағыттағы туристерді тартудың ірі орталықтарының біріне айналатынына сенімдімін. Қазақстандағы халықаралық деңгейдегі алғашқы мамандандырылған жаңа Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ашылуы да осы өлкедегі туристік қызметті дамытуға үлкен септігін тигізеді деген ойдамын, – дейді ҚХА төрағасының орынбасары.
Қазыбек Иса. Назарбаевтың бұл өлкенің бұрынғы тарихи атауын қайтаруы әділ шешім болды
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары, ақын Қазыбек Иса да Түркістан жайлы өз ойын ортаға салды.
–Тұран тұлға тұтқан Мағжандай ұлы ақындардың маржан жырына арқау болған, бүкіл Түркі ардақ тұтқан қасиетті Түркістанның түлеуі жаңа кезеңге қадам басты. Осыдан екі жыл бұрын түбі бір түгел түркінің қуанышы – Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанның атында жаңа облыс ашылып, Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығы болды! Рухани жаңғыруымыз – Рухани орда Түркістанның жаңа заманға сай жарқын келбетін жасаудан жарқырай көрінуі тиіс. Осыдан 24 жыл бұрын Түркістанға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Түркістан болашақта облыс орталығы болады" деп айтқан еді. Енді міне, Елбасы ел тілегін екі есе орындап, Түркістанның атында облысты да ашып берді! Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл өлкенің бұрынғы тарихи атауын қайтаруы әділ шешім болды, – дейді Қазыбек Иса.
Ақын Түркістан көз алдымызда қайта түлеп жатыр деп отыр. Жаңа заманға сай жасарып, жаңғыруда. Алып ғимараттар салып жатқан алапат құрылыстар қарқыны күн сайын үдеп, тарихи-рухани және сәулеттік құндылығы бағасыз көне де, көркем көркіне жаңа заманауи келбет қосылып келеді деген пікірде.
– Ордалы облыстың қордалы мәселелері, осындай зор апаттардан аман шығып, қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргеніне ел куә болды. Бұл Арыс пен Мақтарал ауданындағы алапат апаттарда да ырысын жоғалтпай, ынтымағын сақтай білген, бірлігінің арқасында тірлігін түзей алған қасиетті өлке Түркістандықтардың рухы зор, қайрат-жігері мол екенін көрсетеді. Түркістан өңірі о бастан тұрғындарының еңбекқорлығымен белгілі. Сондықтан, облыстың әлеуметтік-экономикасы мемлекеттің қолдауымен өсе беретіні анық. Ал түгел түркі халықтарының рухани ордасы саналатын қасиетті Түркістан өлкесінде рухани-мәдени салаларға баса назар аударылғаны ләзім. Құндылығы зор көне жәдігерлерді сақтай отырып, жаңа заманға сай жаңғыра білуі тиіс. Ең алдымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көздің қарашығындай сақтай отырып, әлемге танытудың туризмдік бағдарламасын жасап, байыта беру керек! Қазақтың киелі көне астанасында қасиетті хандары мен билері, батырлары мен ақындары жатқан зиярат ордасында жалпы Тұрандық тұлғаларды ұлықтау жұмыстары жолға қойылуы тиіс. Жас ұрпаққа отаншылдық тәрбие беретін бұндай бағыт ең алдымен Елдігіміздің, Ерлігіміздің белгісі болары анық, – "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары.