2020 жылдың мамырында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле Сайлауоваға қатысты іс болды, деп хабарлайды zakon.kz qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап.
Сот мемлекетке тигізген залалын өтегені үшін және қарт анасын бағып отырғаны үшін оны бостандыққа жіберіп, мемлекет пайдасына 7 млн теңгеден астам ақша өндіру туралы шешім қабылдаған болатын.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұрсәуле Сайлауова нақты қандай қылмыстық істерге барып, кімнен неше теңге пара алғанын жария етті.
Сонымен, ғылым докторы, академик көбіне білім саласына бөлінген бюджеттің белгілі бір бөлігін "пайыз" ретінде ұстап отырған. Мәселен, облыстағы мектеп-интернаттардың біріне 90 млн теңгеден астам ақша бөлінгенін біліп, Сайлауова таныс кәсіпкер арқылы сол ақшаның 20 пайызын оған беруді тапсырған. "Келіссөздер" барысында кәсіпкер пайданың 15% бере аламын деген көрінеді. Осылайша, Сайлауова кәсіпкерден 5 млн 100 мың теңге пара алған.
"Сонымен қатар, әкім орынбасары ұстаздар күніне арналған форумда 800 ұстазға гүл алу үшін 10 млн теңге ақша бөлінетінін білген. Бұдан өзге, шенеунік Жаңа жыл мерекесіне арналған шаралардың бюджетін мақсатсыз жұмсап, қолына 2 млн теңге ақша алған", - деп хабарлайды агенттік.
Атырау облысы әкімінің орынбасары болған Нұрсәуле Сайлауова қазір бостандықта жүр.