Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мемлекеттік органдардағы ІТ-қызметкерлерінің деңгейін сынға алды, деп хабарлайды zakon.kz.
- Бүгінгі күні мемлекеттік органдарды цифрландыруда бірқатар проблемалар бар. Бірінші кезекте, бұл - осал кадрлар. Талдау көрсеткендей, орталық және жергілікті атқарушы органдардың ІТ құрылымдық бөлімшелерінде 500-ден астам қызметкер бар, олардың 50% -дан астамында ІТ мамандығы бойынша дипломы жоқ. Бұл мемлекеттік органдардағы бәсекеге қабілетсіз жалақыға байланысты, - деді Бағдат Мусин Сенаттағы үкімет сағатында.
Дәл осы тақырыпта сенатор Алтынбек Нұхұлы сөз сөйледі. Оның айтуынша, ІТ-мамандықтарының көптеген түлектері өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді.
- Жаңа оқу жылына ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандығына жоғары оқу орындарына арналған 8,5 мыңнан астам білім гранты бөлінді. Бір жылдан кейін білім беру ұйымын бітіретін осы кадрлар өңірлерде де, облыс орталықтарында да цифрландыру жұмысында маңызды рөл атқаратындай жағдайлар жасау қажет. "Мұғалімнің мәртебесі туралы" заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің жағдайы жақсарды. Енді біз тек экономикада ғана емес, сонымен бірге мемлекетіміздің барлық салаларының дамуында ерекше маңызды рөл атқаратын цифрландыру кезеңінің мамандарына арнайы құқықтық қолдау көрсету қажеттілігі туралы ойланып отырмыз, - деді Сенат депутаты.