Талдықорғанда жоқ пәтерді жалға беретін 23 жастағы қыз ұсталды

Пәтер құнының арзандығына қызығып, қоңырау шалған адамдарға қазір жолда екенін және келген соң пәтер кілтін тапсыратынын айтқан.

Алматы облысының Талдықорған қаласы ПБ Батыс ҚПБ кезекші бөліміне облыс орталығының 48 жастағы тұрғыны алаяқтың құрбаны болғаны туралы арыз берді, деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

"Белгісіз әйел облыс орталығындағы "Қазақстан" көшесіндегі пәтерді жалға беремін деп оның ақшасын иемденді. Бір-екі күннен кейін Талдықорған қаласының 26 және 42 жастағы тағы екі тұрғыны осындай арызбен жүгінді. Олар да тұрғын үйді жалға алу үшін оған алдын ала төлем төлегендерін айтты", - деп хабарлады Талдықорған қаласы ПБ Батыс ҚПБ бастығы полиция майоры Айдын Аденбаев.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары алаяқтық жасағаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылған және сотталған Алматы облысының 23 жастағы тұрғыны Ирина Ким есімді күдіктіні анықтап, ұстады. Ол бұлтартпас айғақтардың арқасында жоғарыда аталған қылмыстарды жасағанын мойындады. Күдіктінің қаладағы элиталық аудандарда жалға берілетін арзан тұрғын үйді тапсыру туралы хабарландыру беріп, өз құрбандарын сайттан тапқаны белгілі болды. Пәтер құнының арзандығына қызығып, қоңырау шалған адамдарға қазір жолда екенін және келген соң пәтер кілтін тапсыратынын айтқан. Сондықтан, олардан пәтер төлемақысының алдын ала төлемін банк картасына аударуын сұраған. Алданған жалға алушылар алаяқ аруды ұзағынан күткен.

"Үш дерек бойынша ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 3,4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамаққа алынды. Алаяқтың әрекетінен зардап шеккендердің барлығын 25-01-51 және 8 777 780 2313 телефондары бойынша хабарласуды сұраймын", - деп толықтырды полиция майоры Айдын Аденбаев.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: