10 қарашадан бастап Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мекемелерде ұзақмерзімді кездесулерге қабылдауды тоқтатылды, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл талап COVID-19 жұқпалы ауруымен байланысты қолайсыз санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға, 5 облыста коронавирус жұқтырудың "сары" және "қызыл" аймақ деңгейінің жариялануына байланысты, сондай-ақ ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдарды вирус жұқтырудан сақтандыру мақсатында енгізіліп отыр. Осы ретте қысқа мерзімді кездесулер ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес берілетін болады.⠀
Мекемелерде "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстаудың тәртібі мен шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабында көзделген тәртіппен сотталғандар, оның ішінде күдіктілер, айыпталушылар және сотталушылар қорғаушылармен, туыстармен және өзге де адамдармен байланыс жасау үшін телефон және бейне қоңыраулар қарастырылған.⠀
Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарындағы ҚАЖ мекемелерінде ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кездесулерге уақытша тыйым салуды көздейтін байқау режимі енгізілді.⠀
Сонымен қатар, сәлемдемелерін қабылдау әдеттегідей жүзеге асырылатын болады.⠀
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 23 қазандағы № 57 қаулысына сәйкес, елімізде орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мекемелерде карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдауға құқылы екенін ескертеміз.⠀