Биыл Алматы облысының аумағында пәтерлер мен жеке үй-жайлардан бөтен мүлікті ұрлау қылмысы өткен жылдағы көрсеткішке қарағанда 44,7 пайызға (3676-дан 1630-ға дейін) төмендеген, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашылған қылмыстар ішіндегі 907 дерек кезекші тәулік ішінде, яғни "ізі суымай" әшкере болған. Жазадан бұлтартпау қағидатын іске асыра отырып, тәртіп сақшылары бұған дейін пәтерлер мен үйлерде жасалған 400 ұрлықты, оның ішінде "өткен жылдар" санатындағы 85 қылмысты ашты.
"Өзгенің үйін тонауды кәсіп қылған 723 ұры, оның ішінде 282 баукеспе ұры ауыр қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осы мақсатта жүргізілген жұмыс нәтижесінде жыл басынан бері 35 қылмыстық топтың жолы кесілді. Топ өкілдерінің осындай 92 қылмысқа қатысы бары дәлелденді. Пәтер және жеке сектор ұрлығына қатысы бар тұлғаларды анықтау және қылмыстардың алдын алу мақсатында "Пәтер" жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Арнайы шара барысында бұрын жасалған 39 ұрлық, оның ішінде "өткен жылдар" санатына жататын 8 қылмыс ашылды. Жүргізілген талдау нәтижесінде ұрлықтың көп бөлігі жеке үй-жайларда жасалатыны анықталды. Атап айтқанда, көп қабатты үйлердегі пәтерлерде 154 қылмыс тіркелсе, жеке үйлерде одан 10 есе көп, яғни 1476 ұрлық орын алған. Сондай-ақ, көп жағдайда ұрлық үй иелері болмаған кезде, пластикалық терезелерді сығымдап ашу арқылы жасалады", - деп атап өтті Алматы облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Асхат Данияр.
Бөтеннің мүлкін қолды қылудың алдын алу және оларды ашуда бейнебақылау құралдарының тиімділігіне азаматтардың назарын аударғым келеді.
"Кез-келген нысанда бейнебақылау камераларының орнатылғанын байқаған қылмыскерлер оларды айналып өтуге тырысады. Ал, ұрлық жасалған жағдайда, камералардың жазбалары қылмыскерлерді анықтауға және ұстауға айтарлықтай көмектеседі. 2019 жылы "Бұлтты бейнебақылау" бағдарламасын енгізу кезінде көпқабатты үйлерге 1667 бейнекамера орнатты. Осы жылдың 10 айында бақылау көмегімен 206 қылмыс ашылды, оның 90-ы ұрлық. Облыстың барлық тұрғындарын жеке мүліктерін сақтау үшін техникалық прогресс мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырамын", - деп кеңес берді полиция полковнигі Асхат Данияр.