Шымкентте 13 шенеунік жауапқа тартылып, 8-не сот үкімі шықты. Оның 4-уі бұған дейін басшылық лауазымды отырғандар екен. Істі болғандардың көбісі кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласты деп айыпталған кезінде. Сондықтан, осы күні бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасып жатыр. Антикор қызметкерлері жуырда ғана кәсіпкерлердің заңды жерлерін рәсімдеуге көмектесті, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Былғары аяқ киім шығаруды көздеген отандық компания кәсіпорынның ғимараты үшін "Оңтүстік" еркін экономикалық аймағынан жер телімін заңдастырып алмақшы болыпты. Сөйтіп, кәсіп иесі барлық құжаттарын жинап, былтыр сәуірде тиісті органдарға өтініш берген. Алайда, құжатты қабылдап алған мекеме мәселені тездетіп шешіп берудің орнына әр есікке бір жұмсап, сандалтып жіберген.
Қанат Есенқұлов, серіктестік басшысы:
Былай қарасаңыз, бәрі жақсы секілді көрінеді. Қолдайды, көмектескісі келіп тұрады. Анығында, ондай емес. Құжатты рәсімдеу үшін бірі екіншісіне жұмсайды, ол келесіге сілтейді. Көзге көрінбейтін кедергі әйтеуір. Уақыт өтіп барады. Осылай айналып жүре бересіз.
Осыған ұқсас жағдай, тағы бір инвестордың басынан өткен. 2019 жылы қала әкімінің шешімімен жалға берілген жер теліміне болашақ зауыттың құрылысын бастамақ болған. Алайда, әлемге таралған індет қалталы кәсіпкердің жұмысына кедергі келтіреді. Ол бұл жөнінде әкімдіктің жер қатынастары басқармасына хат жазып, баяндағанын айтады. Және соған қарамастан, учаскеге ғимараттар мен нысандардың іргетасын жобалау жөнінде жұмыстар атқарған. Су және кәріз құбырын жүргізген, газ тартқан. Сөйте тұра, шенділер дұрыс шешім шығармады ,дейді. Мұны арнайы экономикалық аймағының өкілдері де растап отыр.
Ерболат Сәриев, Оңтүстік арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы басқарма төрағасының орынбасары:
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында бірқатар рұқсат құжаттары бар, қорытындылары бар жер құжаттарын рәсімдеу жұмыстары барысында бірқатар тәуекелдермен кездесіп жатамыз. Басқарушы компания ретінде біз де кездесіп жатамыз, кәсіпкерлер де кездесіп жатады.
Жеке бизнес субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін және лауазымды тұлғалардың әрекетінен сақтау мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арнайы жобаны қолға алған. Оның басты ерекшелігі инвесторға жан-жақты көмек көрсету. Осы мақсатта бірқатар инвесторлармен келісім-шарт жасалған.
Асхат Жұмағали, Шымкент қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
Бүгінгі таңда, жоба аясында Департамент Инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша жалпы сомасы 77 млрд теңгеге 43 келісімге қол қойды. Осы бағытта ағымдағы жылы біздің қызметпен шағын және орта бизнесті қорғау шеңберінде 25 қылмыстық іс тіркеліп, 31 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қорғалды.
Кәсіпкердің ісіне заңсыз араласқан 13 шенеунік жауапқа тартылыпты былтыр. Оның 8-не сот үкімі шыққан. Арасында басшылық лауазымда отырған 4 адам бар. Департаменті басшысы бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатынын айтты. Айтпақшы, антикордың арқасында проблемасын шешіп алған отандық компания осы көктемде алғашқы өнімнің партиясын шығармақшы.
Қанат Есенқұлов, серіктестік басшысы:
Департамент басшысымен кездесіп, барлық проблеманы талқыладық. Біздер үшін қиын болған мәселені шештік. Енді іске кіріспекшіміз. Үлкен рахмет!
Екінші инвестор да жерін заңдастырып алды. Құжаттарын рәсімдеп, іске кірісіп кеткен.