Александр Лукашенко Бүкіл Беларусь халқы ассамблеясында елінің Кеңес Одағының құлауымен салыстыруға болатын бетбұрыс кезеңінен өтіп жатқанын айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Қазіргі кезеңді Кеңес Одағының құлауымен және оның салдарымен салыстыруға болады, - деді ол.
"Известия" басылымының хабарлауынша, Беларусь Президенті өз еліне сырттан шабуыл жасалғанын баса айтты.
Оның айтуынша, қарсыластар Беларусь елінің Одақтас мемлекет пен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан шыққанын қалайды.
Саяси салада - Ресей Федерациясымен одақтастықтан, Еуразиялық Одақтан, Кеден одағынан және Ресей үстемдік ететін басқа интеграциялық құрылымдармен одақтастықтан шығу. Әскери салада - Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан шығу, - деді ол.
Сонымен қатар, Лукашенко конституцияға түзету енгізу мүмкіндігін ойластыру керек деді.
Біз азаматтардың еліміздің саяси өміріндегі рөлін әлеуметтік дамыту мәселелерін мұқият қарастырып, негізгі заңға өзгерістер енгізу мүмкіндігін ойластыруымыз керек, - деді - Беларусь басшысы.
2020 жылдың 9 тамызынан бастап Лукашенкоға қарсы оппозиция жақтастарының наразылығы елде әлі бәсеңдемей тұр.
Сондай-ақ ол президенттік дауыс беру нәтижелерін бұрмалаушылық туралы айыптауларға түсініктеме берді.
Өздеріңіз ойласаңыздаршы, 80% дегенді ойдан шығару мүмкін емес қой, тіпті, егер біреуге сол 80 (%) ұнамай тұрса, 76 (%) қылыңдар, тіпті 68-ақ (%) болсын, дәл қазіргідей сауалнамалардың орташа мәнісіндей 74,5 (%) болсын, солай-ақ болсын! Бірақ біз жеңдік, адамдардың басым көпшілігі біздің жақ, - деп сөзін аяқтады ол.