ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы басталды, деп хабарлайды zakon.kz.
Екі жолақты автомобиль көпірі Құйған ауылының жанындағы жасанды су қоймасының ені ең жіңішке учаскесінде салынады. Көпірдің ұзындығы 1,3 шақырымнан асады. Жоба Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғайды. Мердігер компания "ОблШығысЖол" ЖШС құрылысты 2024 жылға дейін аяқтауы тиіс.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталады. Бұл облыс тұрғындары үшін көптен күткен өте маңызды оқиға. Жоба стратегиялық маңызға ие. Ол шекаралас аудандарды облыстың басқа өңірлерімен байланыстырады, жолаушылар мен жүк тасымалы жеңілдейді әрі жылдам болады, - деді капсула салу рәсімінде Д.Ахметов.
Сондай-ақ, әкім көпір шалғайдағы елді мекендер халқының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететінін және облыс экономикасын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
Салтанатты рәсімде жұртшылық атынан Күршім ауданының Құрметті азаматы, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрсовет Қайыров сөз сөйледі. Ол құрылысшыларға табыс тілеп, республиканың ең шалғай елді мекен тұрғындары мұқтаж болған осы бір мәселеге назар аударып, ықылас танытқандары үшін ел басшылығына алғыс айтты.
Тәуелсіздік алған жылдары тоқырап тұрған барлық саланың бойына біртіндеп қажырлы еңбекпен қан жүгірткен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы "Сабыр түбі-сары алтын" екенін үнемі айтып келеді. Ең бастысы – бейбіт өмір сүру және өз халқыңның игілігі үшін қызмет ету. Біз, Күршім ауданының тұрғындары төзімділік танытып, осы тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Ат үстінде жүрген азаматтарымызға, ел іргетасын берік қалап берген Елбасымызға алғыс айтамыз. Сонымен қатар, халықтың мұңына құлақ түретін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ризашылығымыз шексіз!, - деді ақсақал.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, айналма және технологиялық жолдар төселді, электр желілері тартылып, су өткізу құбырлары орнатылды. Осы жұмыстармен қатар көпір салушыларға арналған жатақхана тұрғызылуда, материалдар, арнайы жабдықтар мен қажетті дүниелер жеткізіліп жатыр.