Бүгін сенаторлар бір кездері қабылданған заңға қайта қарсы шығып, шет тілдерін 5-сыныптан бастап оқытуға ұсыныс жасады. Онда да ата-аналарының қалауымен жүзеге асырылуы керек.
Жалпы, мұндай ойды бұған дейін Мемлекет басшысы айтқан болатын. Ал әлемдік банктің зерттеуінше, Қазақстандағы адам капиталы көрсеткіші 63 пайыз екен.
Бұл дегеніміз 18 жасқа дейінгі қалыптасуы тиіс оқушылардың қабілеттері мен дағдыларының жиынтығы. Демек, білім жүйесі соның 63 пайызын ғана беріп отыр. Осы тұрғыда өскелең өрен алдымен өз тілі мен дүниетанымын бойға сіңіріп алғаны абзал.
Балабақшадағы, 1-сыныптағы ойлау жүйесі әлі толық жетіліп қалыптаспаған, санасы үлбіреп тұрған қазақ сәбилеріне бірден үш тілді оқытудың қандай қажеттілігі бар? Ғылымы мен білімі жоғары Жапония, Финляндия, Франция, Қытай 10 жасқа дейін балаларын өзге тілде неге оқытпайды? Әлемнің ең мықты деген 30 елінің бастауыш сыныптарында қанша тіл оқытылатынын зерттеп қарасақ, 2 тіл бірінші сыныпта 4-ақ елде, екінші сыныпта 5 елде, төртінші сыныпта 12 елде оқытылатынын көрдік. Ал Қазақстаннан басқа әлемнің бірде-бір мемлекетінде 3 тіл мүлдем оқытылмайды. Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты