"Мұқалмас" бірлестігі Әлтаевтың кандидатурасын жарамсыз деп тануды сұрап, сотқа жүгінген

Орталық сайлау комиссиясы президенттіктен үміткер Нұржан Әлтаевты кандидат ретінде тіркеуді тоқтату жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Нұржан Әлтаев "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан сайлауға түсіп жатқан. Ол құжаттарын ОСК-ға тапсырған күні РҚБ отырысы бекіткен хаттамада бұрмалау болғандығы туралы арыз да қоса келіп түсті. Белгілі болғандай, мұндай арыз сол күні сотқа да жолданған.

Орталық сайлау комиссиясына Астана қаласы Байқоңыр аудандық сотының "ҚР Президенттігіне кандидат ұсыну туралы" 2022 жылғы 6 қазандағы "Мұқалмас" РҚБ жалпы жиналысы хаттамасының жарамдылығын тоқтату туралы 11 қазандағы ұйғарымы келіп түсті, - деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов.

Отырыста ҚР Конституциясының 76-бабының 3-тармағына сәйкес соттардың үкімдері мен өзге де қаулылары мен шешімдері ҚР-дың бүкіл аумағында міндетті болып табылатыны атап өтілді.

Кандидат Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевтың ҚР Конституциясында және ҚР сайлау туралы заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтауды тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдадық, - деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Айта кетсек, Қазақстанда мерзімінен бұрын президенттік сайлау 20 қарашада өтеді.

Қазақстан Президент сайлауы — 2022
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: