Қазіргі болып жатқан жағдайларды көріп, бағытын аңғарып отырмыз. Өткенде елімізге әлемге белгілі тұлға – Рим Папасы Франциск келіп, бірталай іс-шараларға қатысып, ойын айтып, сөз сөйледі. Енді міне, 11 мемлекет басшыларының басын қосқан саммит өтіп жатыр екен. Бұқаралық ақпарат құралдарынан олардың келудегі себебін, талқылаған мән-жайларын оқып, көз жүгіртіп шықтым. Алдымызда мемлекет, тұтас халық үшін маңызды кезең – кезектен тыс президент сайлауы тосып тұр. Сайлаудың алдында осыншама маңызды кездесулер өтіп жатқаны бекер болмаса керек. Профессор Намазалы Омашев
Оның айтуынша, елдің келешектегі тағдырына байланысты жайттар қазір талқыға түсіп жатқаны белгілі.
Журналистика саласының маманы ретінде айтарым, әрине, біз көп дүниенің түпкі мәнін, астарын жете аңғармауымыз мүмкін. Онда біз біле бермейтін саяси, экономикалық, әскери не сауда-саттық саласы бойынша күрмеулі мәселелерді шешудің жолдары қарастырылып жатқаны анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқосуларды белгілі бір мақсатқа жүгініп, ұйымдастырып отырғаны рас. Ең бастысы, мемлекеттің дамудағы, халықтың әл-ауқаты жақсаруындағы жайттар сөз болып, оң өзгерістерге септессе болғаны. Онда жұрт разы болатыны даусыз. Не де болса, елдің келешегіне қатысты жағымды жаңалықтар боларына үлкен үмітіміз бар, - дейді ғалым.
Сондай-ақ Омашев Астанада өткен Діндер съезінде Рим Папасы еліміздің бейбітшілікті сақтап отырғанын баса айтқанын еске салады.
Бейбіт диалог пен бірлікті дәріптеуге келген елші-тұлға екенін анық аңғартты. "Сіздерде "Береке бастауы – бірлікте" деген мәтел бар. Оның маңызды ұғым екені сөзсіз. Қазақстан 150-ге жуық этносты бауырына басқан ел. 80-нен астам тіл бар. Мұнда әртүрлі тарихы, мәдени және діни дәстүрлері бар адамдар қоныстанған. Барлығы керемет бір симфорния қалыптастырған. Қазақстан бірегей көпэтникалық, көпмәдениетті және көпконфессиялы мемлекет. Халықтар бірлесіп, керемет ынтымақтастық орнатқан" дегені бекер емес.Профессор Намазалы Омашев
Ғалым еліміздің тұтастықты сақтап, бірлікті нәсихаттағанының көрінісі осындайда байқалатынын, халықтың амандығы мен тыныштығынан асқан бақыт жоқ екенін баса айтады.