АҚШ-та тұрып жатқан қазақтар саны шамамен 100 мыңға жуықтады

Бұл біздің ел азаматтарының ғана емес, Түркия, Моңғолия, Қытай сияқты әлемдегі өзге де мемлекеттерден барған қандастардың жалпы саны, деп хабарлайды Zakon.kz.

«Хабар 24» арнасы таратқа ақпаратқа сай, қазір тіл курстарына деген қажеттілік туындай бастады. Себебі жат құрлықтағы бала-шағасын түп-тамырынан ажыратпаудың қамын ойлап жүрген қазақ көп.

Вашингтон қаласы мен Вирджиния және Мэриленд штаттарында тұрып жатқан қазақтардың жиынында осы мәселе сөз болды.

Басқосуды Қазақ-Американ қауымдастығы ұйымдастырды. Бұл – үш жылғы үзілістен кейінгі басқосу. Пандемия кедергі келтірді. Оның үстіне Америкадағы қарбалас тірліктен де жиі жүздесуге уақыт жоқ.

Табиғат аясындағы кездесуге АҚШ-та жұмыс бабымен жүрген, білім алып жатқан, біржола қоныс аударған, көшсем бе деген қазақтар келді. Осы жақта тұрмыс құрған қыздар да қалыс қалмады.

Мақсат біреу – барынша тығыз араласып, тіл мен ділді сақтау. Түп-тамырын ұмытпау.

Бір-бірімізді сағынып қалыппыз, жастарымыз өсіп қалыпты. Балалар өсіп жатыр. Жаңадан адамдар келіп, бір-бірімен танысып, риза болып жатыр. Дархан Нұрмағамбет, Қазақ-американ қауымдастығының президенті

Қазақ-американ қауымдастығы мұндай кездесулерді 20 жыл бұрын бастаған. «Биылғы басқосуымыз бұрын соңды болмаған, 100 жылда бір қайталанатын жылы қарашаға дөп келді», – дейді. Оны жақсылыққа балады. Мұндағы отбасылар кем дегенге 3-4 бала тәрбиелеп отыр. Ойын алаңында олардың ағылшынға судай екенін байқайсыз. Ата-ана баласының жат болып кетуінен сақтанады. Бүлдіршіндері қазықылықтан ажырап қалмас үшін біраз жоспарлары бар. «Балауса» деген хор да құрмақшы.

Американың этникалық топтары деп аталатын Гарвард энциклопедиясындағы мәлімет бойынша 1960 жылдары АҚШ-та 20 шақты қазақ шаңырағы болған. Ал қазір шамамен 100 мыңға жуықтады. Қазақ диаспорасы көбірек шоғырланған жер Нью-Йорк. Cодан кейін Маями, Флориданың оңтүстік аймағы, Лос-Анжелес және Чикагода бар.

Қазақстан АҚШ
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: