"Біздің бірінші мақсатымыз ауылдарда байланыс инфрақұрылымын құру. Сіздің қолдауыңызбен ОПТИКАЛЫҚ ЖЕЛІЛЕР арқылы Интернетпен қамтамасыз етуді және ауылдардағы үйлерге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы 3 000-нан астам ауылды қамтуды, 60 мың км оптикалық инфрақұрылымды салуды көздейміз". Бағдат Мусин
Министр сөзінше, бұрын тек әкімшілік ғимараттар, соның ішінде мектептер, ауруханалар мен әкімдіктерге желілерді тартып, ол ауылдарда интернет бар деген мәлеметті операторлардан алатын. Ал нақты үйлер мен тұтынушылар операторлардың коммерциялық мүдделерінің болмауына байланысты байланыссыз қалды.
"Осыған байланысты, Дүниежүзілік банкпен бірлесіп біз «соңғы мильді» жеткізу үшін арнайы гранттарды, шағын және орта операторларды субсидиялауды көздеп отырмыз. 2020 жылы 1200 ауылға оптикалық желі жеткізілген болатын. Бірақ, әр үйге дейін оптиканы жеткізу дұрыс қолға алынбаған. Біз сол ауылдардағы 300 мың үйді Интернетке қосамыз. Одан басқа оптиканы тарту мүмкіндігі жоқ 500 ауыл қалып отыр, оларға спутниктер арқылы Интернет жеткізіледі. Сондай-ақ 134 ауылда спутниктік трансмиссияны жерүсті трансмиссиясына (РРЖ) ауыстыру жоспарланып отыр", - деді министр.
Министрлік бұл бастамалар қалалық және ауылдық елді мекендер арасындағы Интернетке қолжетімділік алшақтығын қысқартуға, ақпараттың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді.