Ермұрат Бапидің сөзінше, активтерді қайтару және оны халыққа табыстау – күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе. Ел-жұрт активтерді қайтару процессінде биліктен жылдам, әрі батыл қадамдар күтіп отыр.
"Еліміздің байлығын игеру ісінде биліктің ескі жүйесі мен ұлттық табысты қайта бөлудің бұрынғы тәжірибесін тоқтататын кез келді деп, бастама көтерген «Жаңа Қазақстан» идеясы арасында қарама-қайшылық болып тұр. Олигархиялық кланды биліктен түпкілікті кетіруді, ұрланған байлықты қайтаруды және экономиканы ел мен халықтың әлеуметтік қажеттіліктеріне қызмет етуге жұмылдыруды талап еткен Қаңтар оқиғасы ескі биліктің зардабынан пайда болды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам мен билік арасында жаңа қарым-қатынас орнату әрекеті олардың мүдделеріне сай келмеді. Міне сондықтан да активтерді қайтару және оны халыққа табыстау – күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе", - деді депутат.
Ол президенттің пәрменімен арнайы комиссия құрылғанын және активтерді қайтару туралы арнайы заң шығатынын айтқан Тоқаев мырзаның уәдесін еске салды. Алайда сол комиссияның тарапынан ешбір нақты әрекет көрінбейді.
"Егер бірен-сараң бірдеңе істеліп жатса, бұл бізден, қоғамдағы азаматтардан құпия түрде өтіп жатыр. Халық атынан тікелей сайланған депутат ретінде, ең әуелі құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ескерту жасағым келеді: сіздер «ескі Қазақстанды» билеген әулет пен оның жақындары бақылаған кеден бекеттерінде арнайы астыртын салық режимін қамтамасыз еттіңіздер! Енді бұлай болмайды. Біз халықтың көмегімен сіздерді жіті бақылаймыз. Бұл мәселеде біз президенттің бастамасымен одақтаспыз немесе, бұл істе президент бізге – депутаттарға толықтай арқа сүйей алады. Дегенмен ескі кадрлардың саботажы ма, жоқ әлде ұлттық-экономикалық мүддеге қарсы жасалып отырған қастандық па – капиталды қайтару ісінде түсініксіз кібіртік көп. ", - деді Бапи.
Сонымен қатар депутат Қайрат Боранбаев мырза жуықта жеңіл-желпі баптармен сотталғанын, бірақ оған қатысты өте ірі істер қалтарыс қалғанын айтты. Сонымен қатар ол «Jusan bank»-тың иелері Қазақстаннан шығарған ірі көлемдегі қаражат Батыс елдерінің бірінде «мұздатылғаны» туралы сөз қозғады.
"Бұл сұрақтарды нақтылап отырған себебім – ұрылар жымқырған қаржысын басқа жаққа тығып үлгерсін деп, бүгінгі билікте оларға мұрша беріп отырған біреулер бар сияқты көрінеді. Біз ұрланған активтерді қайтару туралы заңды бірінші кезекте қабылдауды басты мақсат етіп отырмыз. Осы заңның арқасында біз капиталды қайтаруды неғұрлым тиімдірек бақылауға ала аламыз". Ермұрат Бапи
Ол сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдай отырып, оған "Үкімет басына жаңадан келген басшы емессіз, бұған дейінгі министрлер кабинетін басқардыңыз. Ендеше президент Тоқаев наурыздың 31-іне дейін дайын болсын деп, үкіметке тапсырған заң жобасын дайындау ісі созылып кеткенін қалай түсіндіресіз?" деді.
"Елден ұрланған миллиардтар туралы сөз болғанда, тағы мынадай сұрақтар туады: «Қазақмыс» компаниясы қазақ халқына тиесілі қазба байлықтың 30%-ына қалай ие болды? Сол сияқты, құрамында назарбаевтық кланның үлесі бар «Еуразиялық топ» халықтық байлықтың 40%-ын қалай иемденіп кетті? Аталған осы екі компания соңғы он жыл көлемінде қазынаға қанша салық төледі? Осы кәсіпорындардың өндірістік-қаржылық қызметін қадағалауы тиіс «Самұрық-Қазына» Ұлттық қоры капиталды қайтару тақырыбында қандай әрекеттер жасап жатыр? Осы сұрақтарға байланысты үкіметтік түсініктеме жауапты жазбаша түрде қайыруыңызды сұраймын", - деді Ермұрат Бапи.
Бұл депутаттық сауалды депутаттар – Қазыбек Иса, Абзал Құспан, Ринат Зайытов, Жанарбек Әшімжан қолдады.