Тоқаевтың атына өзге елдердің президенттерінен көңіл айту жеделхаттары келіп түсіп жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жалпыұлттық аза тұту күніне орай көңіл айту жеделхаттары келіп түсіп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Абай облысындағы алапат өрт салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты шет мемлекеттердің басшыларынан, халықаралық құрылымдардың өкілдерінен көңіл айту жеделхаттары келіп түсіп жатыр. Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына Қазақстанның шығыс аймағындағы алапат орман өртіне байланысты өзінің қолдауын және жылы лебізін білдірді, делінген Ақорда хабарламасында.

"Табиғат апатының ауыр салдары еңсеріліп, зардап шеккен аумақтар қалыпты өмірге оралатынына сенімдімін", – деп жазылған Ресей Президентінің жеделхатында.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев алапат орман өрті салдарынан адамдардың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізген.

"Осындай қайғылы сәтте Сізге және бауырлас әрі достас Қазақстан халқына көңіл айтамын. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақ екенімді жеткізуіңізді сұраймын. Бұл төтенше жағдай жақын арада толығымен еңсерілетініне сенімдімін", – делінген Өзбекстан Президентінің жеделхатында.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа орман өрті салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты қайғырып көңіл айтты.

"Орны толмас қайғыға ортақтаса отырып, қаза тапқан қазақстандықтардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын", – деп жазылған Қырғызстан Президентінің жеделхатында.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Үкімет пен достас Қазақстан халқының күш-жігерімен өрттің жақын арада ауыздықталатынына сенім білдірді.

"Абай облысындағы ауқымды өрт салдарынан адамдардың қаза тапқаны жөніндегі қайғылы хабарды терең күйзеліспен қабыл алдық. Барша бауырлас Қазақстан халқына, қаза тапқан азаматтардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз", – деп жазды Тәжікстан Президенті.

Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов адам шығынына әкеп соқтырған Абай облысындағы алапат орман өртіне байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айтты.

"Түрікменстан халқы мен Үкіметі атынан және өз атымнан қаза тапқан азаматтардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, сондай-ақ зардап шеккен аумақтың тезірек қалпына келуіне тілектестік білдіремін", – делінген Сердар Бердімұхамедовтің жеделхатында.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Абай облысындағы алапат орман өрті салдарынан адамдардың қаза тапқаны және ауыр шығынға әкеп соқтырғаны туралы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдағанын жазды.

"Осы қайғылы жағдайға байланысты өзімнің және әзербайжан халқының атынан қаза тапқандардың отбасына және жақындарына, бүкіл Қазақстан халқына көңіл айтамын. Сондай-ақ табиғат апаты болған аумақтың тезірек қалпына келуіне тілектестік білдіремін", – делінген Ильхам Әлиевтің жеделхатында.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Түркия халқының атынан және өз атынан қаза тапқандардың отбасы мен туыстарына қайғырып көңіл айтты.

"Осы қайғылы сәтте қаза тапқандардың отбасы мен туыстарына көңіл айтамын. Түрік халқының атынан және өз атымнан зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін", – деп жазылған Түркия Республикасы Президентінің жеделхатында.

Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф Қазақстандағы орман өрті салдарынан 14 адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.


"Пәкістан Үкіметі мен халқының атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қаза тапқан  азаматтардың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуі үшін дұға етемін", – деп жазды Шахбаз Шариф.

Көңіл айту жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.

Абай облысындағы өрт Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: