Мемлекет басшысы волонтерлік қозғалысты ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандыру керек екенін, ол үшін мемлекеттік және жеке грант берушілер арасында тұрақты серіктестік орнатып, отандық және халықаралық донорлардың бір-бірімен нәтижелі ынтымақтастығын қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.
"Волонтерлік және қайырымдылық істерді институттық тұрғыда қолдау инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытқан жөн. Ол үшін волонтерлердің ұлттық және аймақтық деңгейдегі фронт-офисінің ұйымдастырушылық, техникалық және кадрлық әлеуетін күшейту қажет. Волонтерлік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ілгерілетуге ерекше назар аудару қажет".Қасым-Жомарт Тоқаев
Ел президенті еріктілер мен қайырымды жандардың "кең ауқымда ойла, соған сай әрекет ет" деген қағидаға сүйеніп жұмыс істейтіні ұнайтынын айтты.
"Мен өзім еріктілерді барынша қолдаймын. Сіздердің табанды жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Осы саладағы барлық бастамаларды қолдаймын. Біздің волонтерлер Иордания, Кения, Тайланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста, мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген БҰҰ өкілдеріне алғыс айтамын. Былтыр елімізде Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумы өтті. Осындай маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғасады".Қасым-Жомарт Тоқаев
Сурет: akorda.kz
Президенттің пікірінше, волонтер болу бұл, ең алдымен, патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын көрінісі.
"Бұл – адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты. Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте "бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара" білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен. Сондықтан, бүгінгі жиынның мақсаты халқымыздың болмысымен үндес екені сөзсіз".Қасым-Жомарт Тоқаев
Ол мемлекет басшысы ретінде "адамдар арасындағы дипломатия" қағидаты аясында халықаралық волонтерлік бағдарламалардың тиімділігі анағұрлым жоғары болады деп санайтынын айтты.
"Сонымен қатар ғұмырын басқаларға жәрдемдесуге арнаған жандар, әсіресе шетелдік қоғамдастық өкілдері, қандай да құрметке лайық және адамзаттың асылы деген атқа сай деп ойлаймын. Шын мәнінде, сіздер бейбітшілік пен мейрімділік елшісі ретінде халықтардың арасын жақындатып, түрлі мәдениет пен өркениет арасындағы диалогқа дәнекер болып жүрсіздер".Қасым-Жомарт Тоқаев
Сурет: akorda.kz
Президент Қазақстан волонтерлік қозғалысты алдағы уақытта да қолдайтынын айтты.
"Осы саладағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығымызды нығайтуға дайынбыз. Астанада өтіп жатқан бүгінгі форум волонтерлік қызметтің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын. Форум жұмысына белсенді қатысқаныңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Сіздердің ізгі миссияларыңызға табыс тілеймін", – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Сурет: akorda.kz
Бүгін Астанада Халықаралық волонтерлер форумы өтті. Форум аясында 30-дан астам елден және Қазақстанның барлық аймағынан келген еріктілерге өзара тәжірибе алмасатын ірі диалог алаңы ұсынылды.