Атап айтқанда, былтырғы қорытынды бойынша ел экономикасы 3,3% өскен. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 27% көбейді. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны 18% өсіп, 4,1 млнға жетті. Ал экономикадағы ШОБ үлесі 33%-дан 36,5%-ға дейін ұлғайды.
"Қабылданып жатқан шаралар биыл тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 5 айда жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 4,5% болды. Барлық негізгі сала бойынша оң динамика қалыптасып отыр", - деді Әлихан Смайылов.
Нақты өсім - құрылыс саласында 12%, сауда-саттықта 10%, байланыс саласында 9%, көлік саласы бойынша 7%, өңдеу өнеркәсібінде 3,3%.
"Экономикалық өсім инвестициялармен тікелей байланысты. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі 5 айда 17,2% өсті. Биыл біз экономиканың өсуін 4,5-5%, ал орта мерзімді болашақта кемінде 6% деңгейінде көздеп отырмыз", - деді премьер-министр.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі азық-түлік бағасын тұрақтандыру екенін атап өтті. Ол үшін бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен форвардтық келісім-шарттар жасасуды, азық-түлік бойынша тұрақтандыру қорларының белсенді жұмысын, көкөніс қоймаларының құрылысын, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуді және тағы басқа көздейтін инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені іске асырылып жатыр.