"Баршаңызға мәлім, Ішкі істер министрлігі – мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратын құрылым. Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу – аса маңызды міндет. Азаматтардың және бүкіл мемлекеттің қауіпсіздігі осы міндеттерге тікелей байланысты". Тоқаев
Президент тәртіп сақшыларының қызметі оңай емес, күні-түні жұмыс істейтін кездер жиі болатынын айтты. Қауіп-қатер де бар. Тәулік бойы, яғни 24 сағат бойы сақадай сай болу үшін ерекше қажыр-қайрат пен төзімділік қажет. Себебі қиын жағдайға тап болған жандар, ең алдымен, полициядан көмек күтеді.
"Азаматтарымыз сіздерге мемлекеттің, яғни биліктің өкілі ретінде қарайды. Қауіп-қатерден қорғайды деп сенеді. Сондықтан сіздерге әрдайым орасан зор жауапкершілік жүктеледі. Жалпы полицияның сапалы жұмысы ел үшін, халық үшін өте қажет. Біз бәріміз, біртұтас қоғам болып полиция қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет. Дәл осындай қолдауды біз міндетті түрде көрсетеміз. Полиция қоғамда халықтың құрметіне ие мамандықтың бірі болуы керек. Ал полиция қызметкерлері, ең алдымен, өз еліне, халқына адал қызмет етуге тиіс. Сондықтан біз қазір ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріп отырмыз".Қасым-Жомарт Тоқаев
Бүгінде полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатыр. Пилоттық жобалар қолға алынды. Мемлекет басшысы соның арқасында тұрғындармен тығыз жұмыс жасайтын бөлімшелердің қызметі реттелді деді.
"Жұртқа жақын полиция» қағидатын орнықтыру үшін нақты шаралар қабылдануда. Осы қарқынды тоқтатпау керек. Пилоттық жоба аясында қол жеткен жетістікпен шектеліп қалуға болмайды. Ашығын айтқанда, қызмет көрсетудің сервистік моделі туралы тек мамандар ғана айтып жүр. Қарапайым азаматтар мен қоғам өкілдері пікір білдіріп жатқан жоқ. Бұл – халық оның нақты нәтижесін, оң өзгерістерді көріп жатқан жоқ деген сөз. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу саласына да назар аударған жөн. Бұл – құқық қорғау жүйесіндегі мемлекеттік қызметтің ерекше бір түрі. Әрине, оның өзіндік ішкі тәртібі мен ережелері бар". Президент