Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы сапалы басқарудағы жасанды интеллекттің мүмкіндігін атап өтті

Жасанды интеллекттің қарыштап дамуы қалаларды барынша сапалы басқару үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл тақырыпты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумында көтерді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президенттің сөзінше, "Ақылды қала" тұжырымдамасын жүзеге асыру азаматтарға жаңа цифрлық қызмет ұсынуға, ғимараттардың энергия тұтыну тиімділігін айтарлықтай жетілдіруге, сондай-ақ көлік ағынын түбегейлі оңтайландырып, көшедегі қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.

"Бұл – біз үшін өзекті міндет", – деді ол.

Оның пікірінше, білім беру, денсаулық сақтау нысандары, мәдени-демалыс мекемелері, саябақтар мен қоғамдық орындар қаланың барлық тұрғынына бірдей қолжетімді болуға тиіс.

"Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған қала инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсу қажет. Оны мойындауымыз керек".Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент өз сөзінде Астанада әлемдік деңгейдегі клиникалары бар медициналық кластер қалыптасқанын баса айтты.

Мұнда күрделі операциялар жасалады, Қазақстанның әр аймағынан келген науқастарға жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсетіледі.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қала аудандарын дамыту ісіндегі теңсіздікті жоспарлы түрде жою қажет екенін, орталық көшелерді ғана жарқыратып қою әділетіт қоғам идеясына қайшы екенін баса айтты.

"Орталық көшелерді ғана жарқыратып қойып, қаланың шеткері аудандарына көңіл бөлмеу әділетті қоғам идеясына сай келмейді. Үйлесімді әрі теңгерімді мегаполис үшін тиімді көлік жүйесінің, соның ішінде дамыған қоғамдық көліктің, ыңғайлы велосипед және жаяу жүргіншілер аумағының болуы аса маңызды. Сонымен қатар адамдарға өзара тығыз байланыс орнатуға көмектесіп, азаматтар мен бизнестің қаладағы өзекті проблемаларды көтеріп, оларды шеше алатын белсенді қоғамдастық құру ісіне атсалысуына ықпал етеді".Қасым-Жолмарт Тоқаев

Президенттің сөзінше, Астана бұл бағытта дамып келеді және бірқатар жетістікке жетті.

Астана Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: