Президенттің сөзінше, су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан трансшекаралық су көздеріне тәуелді екенін қадап айтты.
"Жалпы біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер".Қасым-Жомарт Тоқаев
Сонымен қатар президент шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек екенін айтты. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн.
"Ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатыр. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40%-ы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60%-ы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең әуелі, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу". Мемлекет басшысы
Мемлекет басшысысы суды үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет деп атады. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет.
"Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы". Президент
Тоқаев суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек деді.
"Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың "көлеңкелі" нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз "Судың да сұрауы бар" деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді". Қасым-Жомарт Тоқаев
Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады деп ескертті мемлекет басшысы.
"Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады".Президент
Президенттің сөзінше, министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. "Қазсушар", "Нұра топтық су құбыры" және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады.
"Жалпы осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек. Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын".Тоқаев