Эльвира Әзімова Конституциялық сот төрағасы қызметіне қайта тағайындалды
Сурет: gov.kz
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Әзімова Эльвира Әбілқасымқызы Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы лауазымына тағайындалды".
Эльвира Әзімова 1973 жылғы 15 ақпанда дүниеге келген. 1996 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін "халықаралық заңгер" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Шымкент қаласындағы Дзержинский аудандық ішкі істер бөлімінің басқару пультінің кезекші операторы қызметінен бастаған.
1996-1999 жылдары Әділет министрлігінің Халықаралық-құқықтық қамтамасыз ету басқармасында жетекші және бас консультант болып жұмыс істеді. 1999-2005 жылдары Әділет министрлігінің заңнама, халықаралық құқық және хаттама департаменттерінде түрлі басшылық қызметтер атқарды.
2005-2010 жылдары Әділет министрлігінің заңға тәуелді актілер және халықаралық құқық, мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау, шарттар және талап-арыз жұмысы департаменттерін басқарды.
2010-2013 жылдары Әділет министрлігінің халықаралық шарттарды сараптау департаментінің директоры болды. 2013-2019 жылдары әділет министрінің орынбасары қызметін атқарды.
2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл болды. Сондай-ақ 2021 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның, ал 2022 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі болды.
Конституциялық сот төрағасы қызметін 2023 жылдан бері атқарып келеді.
18 қыркүйекте Мемлекет басшысы Әлихан Смайылов пен Нұрлан Әбдіровті де атқарып отырған қызметтерінде қалдырды.