Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палата төрағасы болып тағайындалды
Сурет: gov.kz
Ресми құжат бүгін, 2026 жылғы 18 қыркүйекте Ақорданың Telegram-арнасында жарияланды.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Смайылов Әлихан Асханұлы Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы лауазымына тағайындалды".
Әлихан Смайылов 1972 жылғы 18 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген.
1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін "қолданбалы математика" мамандығы бойынша тәмамдаған. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 1993 жылы бастаған. 1993-1999 жылдары "А-Инвест" инвестициялық-жекешелендіру қорында, Ұлттық статистика агенттігінде, Статистика және талдау комитетінде жұмыс істеген, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған.
1999-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Статистика агенттігін басқарды.
2003-2006 жылдары сыртқы істер вице-министрі, сондай-ақ Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы басқармасының төрағасы болды.
2006-2009 жылдары қаржы вице-министрі қызметін атқарып, "ҚазАгро" ұлттық холдингін басқарды.
2009-2014 жылдары Статистика агенттігіне қайта басшылық етті. 2014-2015 жылдары Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетін басқарды.
2015-2018 жылдары Қазақстан Президентінің көмекшісі қызметін атқарды.
2018-2019 жылдары қаржы министрі болды. 2019-2021 жылдары Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі қызметін атқарды.
2022-2024 жылдары Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болды.
2024 жылғы 1 сәуірде Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы болып тағайындалды.
Сондай-ақ Тоқаевтың Жарлықтарымен Эльвира Әзімова Конституциялық сот төрағасы қызметінде қалды, ал Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы болып қайта тағайындалды.