Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады, сурет - Zakon.kz жаңалық 07.07.2026 15:56 Сурет: akorda.kz
2026 жылдың 7 шілдесінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорданың баспасөз қызметі берген ресми ақпаратқа сүйенсек, Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палатаның биылғы алғашқы жартыжылдықта атқарған жұмысының қорытындысы туралы президентке есеп берді.

Әлихан Смайылов аталған кезеңде сомасы 5,8 триллион теңгені құрайтын 13 ірі мемлекеттік аудит жүргізілгенін айтты.

"Тексеру жұмыстары жекелеген өңірлердің жергілікті атқарушы органдарын, "Проблемалық кредиттер қоры", "Аграрлық корпорация", "Қазпошта", "Ақтау теңіз порты" акционерлік қоғамдарын, денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы мен бірқатар мемлекеттік органдарды қамтыды. Анықталған кемшіліктерді жою нәтижесінде мемлекет бюджетіне 128 миллиард теңге қайтарылған." Әлихан Смайылов

Үкімет пен аудит нысандарына 35 ұсыным мен 413 нұсқама жіберілді.

Мемлекет басшысының бюджет үдерісін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ұлттық заңнамаға Жоғары аудиторлық палатаның бастамасымен бірқатар өзгеріс енгізілді.

Атап айтқанда, макроэкономикалық болжам қалыптастырудың жаңа ережесі қабылданып, мемлекет қаражатын жұмсауға қатысты қазыналық бақылау күшейтілді және төртінші тоқсанда бюджетке түзету енгізуге тыйым салынды.

Әлихан Смайылов сонымен қатар, жекешелендіру үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру шаралары, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін реттеу тетігін жетілдіру жөнінде мәлімет берді.

"Биыл екінші жартыжылдықта 20 мемлекеттік аудитті аяқтау жоспарланғанын жеткізді. Оның төртеуі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша қолға алынған. Яғни Шымкент қаласына, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарына, сондай-ақ фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау тетіктеріне тексеру жүргізіледі." Әлихан Смайылов

Сондай-ақ, Смайыловтың сөзінше газ бен инвестиция салалары, "Жасыл даму" АҚ, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ қызметі, жекелеген ұлттық жобалар, "Ауыл – ел бесігі" жобасы және басқа да бағыттар тексеруден өтпек.

"Жаңа Құрылтаймен өзара іс-қимыл аясында 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бағаланатын болады." Әлихан Смайылов

Президент заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге басымдық бере отырып, Жоғары аудиторлық палата төрағасына мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: