Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі саласындағы өндіріс 4%-тен астам өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция шамамен 810 млрд теңге болды. Өңдеу саласында ең жоғары үлес металлургия өнеркәсібіне, машина жасау және азық-түлік өндірісіне тиесілі. Индустрияландыру картасы аясында биыл тамақ өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында, машина жасауда, металлургияда және басқа салаларда 170 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл шамамен 12,5 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
"Қазір президент тапсырмасына сәйкес бірқатар басым бағыттарда жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлерді құру бойынша ірі жобалардың тізбесі дайындалып жатыр. Атап айтқанда, мұнай, газ және көмір химиясында, металды терең өңдеу, уран өнеркәсібі, машина жасау, автокомпоненттер, тыңайтқыштар өндірісі және басқа салаларда осындай кластерлер құру көзделіп отыр. Мұнда ішкі ресурстарды барынша пайдалануға және оффтейк-келісімшарттардың әлеуетін іске қосуға басымдық беріледі", - деді премьер-министр.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, халықаралық мұнай-газ машинасын жасауды дамыту орталығы әлемдік компаниялардың өндірісін локализациялау және технологиялар трансферті бойынша тиімді жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, газ детекторларын, насостарды және қысым датчиктерін шығару бойынша бір қатар жаңа жоба пайдалануға берілді. Қорғаныс-өнеркәсіп кешені бойынша да жоғары локализация үлесі және заманауи технологиялардың трансферті қамтамасыз етіледі. Отандық кәсіпорындарды қолдау үшін жыл соңына дейін арнайы Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылады.
"Сонымен бірге мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Машина жасау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы дайындалып жатыр. Оны іске асыру осы саладағы өндірісті 2 еседен астам, экспорт көлемін 3 есеге, негізгі капиталға салынатын инвестицияны 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, биыл Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жол картасын өзектендіру жұмыстары аяқталады. Онда тоқыма өндірістерін құру кезінде инвестициялық шығындарды өтеу, мемлекеттік сатып алу барысында отандық өндірушілерді қолдау шаралары көзделеді. Жалпы өңдеу секторын дамыту бойынша барлық негізгі бағыттар мен міндеттер белгіленді. Енді оларды белсенді түрде іске асыруды қамтамасыз ету қажет". Әлихан Смайылов
Осыған байланысты, премьер-министр мына мәселелерге назар аудару керек екенін айтты:
Бірінші. Отандық өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін инвестиция тарту маңызды блок болып табылады. Жоғарыда айтылғандай, бірқатар өңірлерде биыл салаға тартылатын инвестиция көлемі төмендеп кеткен. Сыртқы істер және Өнеркәсіп министрліктері өңір әкімдіктерімен бірлесіп, секторға инвестициялар тарту жұмысын күшейтіп, жоспарлы көрсеткішке қол жеткізуді қамтамасыз етуі қажет.
"Бұл мәселені біз алдағы сенбі күні мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі Республикалық штаб отырысында мұқият жан-жақты қарайтын боламыз. Өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту көлемі төмендеп кеткен әрбір өңір бойынша проблемаларды тыңдаймыз. Әкімдер оларды шешу жолдары бойынша нақты ұсыныстар дайындауы тиіс". ҚР премьер-министр
Екінші. Индустрияландыру картасын іске асырудың әлеуметтік және экономикалық маңызын ескере отырып, Өнеркәсіп министрлігі мен өңір әкімдіктері биыл жоспарланған барлық жобаларды мерзімінде іске қосуды қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдауы керек .
Үшінші. Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлерді құру кезінде ірі жобалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге баса назар аудару керек. Олар ресурстардан немесе инфрақұрылымнан таршылық көрмеуі тиіс. Сондықтан, Өнеркәсіп және Энергетика министрліктері ірі жобаларды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен басым түрде қамтамасыз ету механизмін әзірлеуі қажет.