16 қазанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев атап өткендей, Қазақстанда ақбөкен популяциясын реттеудің екі әдісі орынды. Біріншісі – күндізгі уақытта тор орнату, екіншісі – түнде ату әдісі.
"Бірінші жолды таңдадық. Бірақ ол үшін үй жануарлары сияқты оларды белгілі бір бағытқа бағыттау керек. Бірақ ауа райына байланысты көлікті тиімді пайдалану мүмкін болмады. Енді екінші әдісті жоспарлап отырмыз."Ерлан Нысанбаев
Министрдің айтуынша, мамандар тордың көмегімен тек 95 ақбөкен ұстаған. Бұл ретте олардың саны шамамен 2 миллион 600 мың басқа жетті.
"Санын реттеу немесе басқару қажет. Бүгінде қасқыр сияқты табиғи реттеушінің жоқтығынан киіктердің саны тарихи деңгейден асып кетті. Жазғы қуаңшылық жайылымдардың да нашарлауына әкеліп соқтырды, қыста азық болмай қалды. Мал саны азайып отыр. Сонымен қатар, 2015 жылы "пастереллезден" қырылды. Бірақ бұл популяциядан айырылу қаупі төнген кезден де өттік. Ал бүгінде оның өскені сонша, ауыл шаруашылығына зиянын тигізіп жатыр. Біз 12 миллиард теңгеден астам шығын туралы айтып отырмыз".Ерлан Нысанбаев
Министр жануар популяциясын бақылаудың бірінші әдісі ауа райы қолайлы жердің бәрінде қолданылатынын түсіндірді. Екінші әдіс те қолданылады. Жалпы популяцияны 20% қысқарту жоспарланып отыр.
Бұған дейін ҚР ЭТРМ Қазақстанда киіктерді атуға 2024 жылға дейін мораторий жарияланғанын және оны ұзарту жоспарда жоқ екенін хабарлаған еді. Алайда министрлік кейінгі 10 жылда ақбөкендердің саны 10 есе өскенін айтты. Бөкендердің санының көптігі сонша, диқандар киік үйірлері егінді құртып жатыр деп шағым айта бастады. Сондықтан ақбөкенді қолға үйрету және бақыланатын ату мүмкіндігін қарастыратын түзетулер жобасы әзірленіп жатыр.
19 қыркүйекте ЭТРМ бұйрығымен ақбөкендер популяциясы реттелетін жануарлардың тізіміне енгізілді. Бұйрық 2023 жылғы 6 қазанда күшіне енді.