Мемлекет басшысы сөзін еліміздің ең басты мейрамы – Республика күніне құтты болсын айтумен бастап, бұл күннің маңызына тоқталды.
"Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Халқымызда "Егемен болмай, ел болмас" деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты".Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің сөзінше, егемендік декларациясын қабылдау "оңайға соққан жоқ".
"Еліміздің ұлттық құрамы біркелкі емес еді. Сол кездегі Парламентте, яғни Жоғарғы Кеңесте және бүкіл қоғамымызда ұзақ пікірталас, қызу талқылау болды. Құжаттың әр сөзін, әр бабын қорғауға тура келді".Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Бөкейханның "Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана" деген сөзін келтіре отырып, ел ағалары халқымыздың ардақты ұлының бұл өсиетіне адал болғанын атап өтті.
"Олар жауапты сәтте ұйымшылдықпен ұлт мүддесін қорғай білді. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды, отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды. Олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болады". Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент жиында сөйлеген сөзінде әділетті Қазақстан құрылып жатқанын, сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыру қажет екенін баса айтты.