Ресей Президенті Владимир Путин Мемлекет басшысын Республика күнімен құттықтап, елімізге табыс пен бақ-береке тіледі, делінген Ақорда хабарламасында.
"Сіздің еліңіз әлеуметтік-экономикалық даму жолымен сенімді түрде ілгерілеп келеді. Сондай-ақ маңызды халықаралық мәселелерді шешуде өзінің елеулі үлесін қосып, әлемдік аренада зор беделге ие болып отыр. Ресей мен Қазақстан қатынастары жоғары деңгейде дамып келеді. Стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды одан әрі нығайту, ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ, ҰҚШҰ және ШЫҰ секілді ұйымдар аясындағы сындарлы ықпалдастықты кеңейту халықтарымыздың түпкі мүддесіне сай келеді", делінген жеделхатта.
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және достас Қазақстан халқына өзінің жүрекжарды лебізі мен ізгі тілегін жолдады. Ол соңғы жылдары Қазақстанда тұрақты экономикалық даму байқалатынын, еліміздің өңірлік және халықаралық істерде ықпалы күшейіп келе жатқанын атап өтті.
"Өзіңіз бастамашы болып, жүзеге асырып отырған Жаңа Қазақстан құру идеясы зор жетістікке жететініне сенімдімін. Сізбен бірге мәңгілік және жан-жақты стратегиялық серіктестікке негізделген қытай-қазақ қарым-қатынастарын жаңа деңгейге көтеру үшін күш салуға дайынмын", – деп жазды ҚХР төрағасы.
Айта кетсек, 24 қазанда Мемлекет басшысы Республика күніне арналған салтанатты концертті тамашалағаны хабарланған болатын.