ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов Өзбекстанға мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 16-саммитіне қатысу үшін келді. Әлихан Смайылов Ташкенттегі іс-шара қарсаңында сол елдің президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті.
Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық ынтымақтастық жүйелі түрде іске асырылып жатқанын айтты. Осы орайда Өзбекстан басшысы сауда, көлік және су шаруашылығы саласындағы уағдаластықтарды ерекше атап өтті.
"Біз барлық мәселеде алға жылжып келеміз. Меніңше, шешілмеген мәселе жоқ. Сауда саласында Қазақстан президентімен келіскен жобалар бізге жаңа белестерге жетуге көмектеседі", – деді Өзбекстан президенті.
Премьер-министр оған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынастар сенім мен өзара түсіністікке негізделген стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі екенін баса айтты.
Сурет: primeminister.kz
Әлихан Смайылов жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды іске асыру Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтерінің бақылауында болатынын атап өтті.
"Өзбекстан – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың шамамен 70%-ы біздің елдерге тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 30%-ға артып, алғаш рет $5 млрд-қа жетті. Біз өзара сауданы $10 млрд-қа жеткізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз", – деді премьер-министр.
Әлихан Смайылов Қазақстан Үкіметі екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша Өзбекстанмен ынтымақтастықты серпінді дамытуға бар күш-жігерін салатынын айтты.