Сонымен қатар жобаны іске асыру Алматы стансасын айналып өтетін Жетіген – Қазыбек бек жаңа теміржолына жүк ағынын қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Жалпы жаңа желі Алматы торабындағы жүктемені 40% азайтып, жүк жеткізу уақытын едәуір қысқартады.
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов теміржол желісінің алғашқы буынын төсеу рәсіміне қатысты. Ол "Алтынкөл-Қорғас" шекаралық өткелі арқылы өтетін теміржол бағыты кейінгі жылдары қарқынды өсім көрсеткенін атап өтті.
"Аталған транзиттік дәлізде Алматы теміржол торабы Шу, Ақтоғай, Алтынкөл және Алматы-2 бағыттары бойынша пойыздардың қозғалысын қамтамасыз етеді. Жобаны іске асыру жүктерді жеткізу мерзімін 2 есеге қысқартады", — деді премьер-министр.
Жобаны жүзеге асыру барысында қазақстанның үлесі кемінде 85% болады. Құрылыс кезінде 1400 адам жұмыспен қамтылып, желі іске қосылғанда шамамен 500 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.
"Шпал, рельстер мен трансформаторлар шығаруды, инертті материалдар, құм және қиыршық тастарды жеткізуді жергілікті компаниялар жүзеге асырады", — деді Әлихан Смайылов.
Жалпы құрылыс процесінде 130 км теміржол, 3 станса, 13 көпір, 5 т/ж және 1 автокөлік өткелі салынады.